Темір жол өткелінің қараусыз қалғанын қаламаймыз! Түркістан облысындағы Қарабастау ауылының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы осындай базыналарын жеткізді. Елдімекен тұрғындарының сөзінше, жауаптылар күніне жүздеген көлік, мыңдаған адам өтетін өткелді 1 қаңтардан бастап жауып, жұмысшыларын қысқартуды жоспарлап отыр екен. Ал, балаларының өміріне алаңдағын әлеумет пойыздар құрамы өтетін маңда апаттар көбейіп кеткендігін, тұманды күні қалаға қатынау қиындағанын айтып, темір жолға жауаптылардан көпір салып беруін талап етеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл — Шымкент қаласына таяқ тастам жердегі Ақбұлақ темір жол бекеті. Мұнда рельс маңында 100-ге жуық түтіні бар Қарабастау ауылы орналасқан. Елдімекен тұрғындары күнделікті қалаға осы өткел арқылы қатынайды. Ауыл тұрғындары дәл осы пойыздар құрамы келген уақытта жолды ашып-жауып тұратын қызметкерлердің қысқартылатынына қарсы. Себебі, 1 қаңтардан бастап бұл жер қараусыз қалмақ.
ҒАЛЫМЖАН ШЕҢГЕЛОВ, ҚАРАБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Егер сол өткел жабылатын болса, болмаса сол өткелдегі адамдар алынатын болса ол жерде апат болу жағдайы жоғары. Сол Қарабастау ауылына салынған бекет алынбаса сол орында қалса. Мүмкіншілік болса сол жерге аспалы көпір істеп берсе. Сол жердің өзінде 1000 гектарға жуық суармалы жері бар, сол жайылым жерлердің барлығы темір жолдың арғы бетінде қалып бара жатқандығы».
Игілік-Бадам теміржол магистралінде орналасқан бекет 2013 жылы ашылған. Содан бері, ауыл тұрғындарын өркениетпен байланыстырып келеді. Қарабастау ауылында мектеп пен балабақша жоқтығынан балалар көрші Бадам елдімекеніне барып білім алуға мәжбүр. Ал, оқушылар мінген автобус та осы өткелмен қатынайды екен.
РУСЛАН ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Бұл жерде мамандар тұрады, теміржол қызметкерлері тұрады осы жерде. Шлагбаумды ашып, жауып тұрады. Қазір, осы бекетті қараусыз қалдырмақшы. Біз соған қарсымыз қараусыз қалдыруына. Өйткені, бұл жерден қаншама оқушыларды тасымалдайды, бала-шағаны садикке тасиды. Міне, соның бәрінің өміріне кім жауап береді?!
Бекет ашылғалы осы жерде еңбек етіп жүрген Өміртай Момбек те өткелдің жабылатынына қарсы. Мұнда пойыздардың өтетін уақытын бақылап, жолды жауып тұратын адам керек, — дейді.
ӨМІРТАЙ МОМБЕК, ТЕМІР ЖОЛ ӨТКЕЛІНІҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:
«Бұл енді рас нәрсе. Қай күні жоғары жақтан басшылар звандап бізге хабар берді. Январьдың бірінен қараусыз қалады деп тұр. Енді, бұл жермен машина көп өтеді. Мына жер айдайтын техникалардың барлығы осы жермен өтеді. Мынау, кешелі бері тұман болып тұр. Пойыз көрінбей қалуы мүмкін. Байқамай қалуы мүмкін адамдар ары-бері өткенде».
Естеріңізде болса, өткен жылдың қыркүйегінде Алматы облысының Шамалған станциясында жүйіткіген пойыз кептелісте тұрған жолаушылар автобусына соқтығысқан еді. Салдарынан, 1 адам қайтыс болып, 4 адам жарақат алған. Ал, биылғы жылдың наурызында Маңғыстауда болған апат та көпшіліктің есінде. Жүк пойызының құрамы бекетте тұрған жеңіл көлікті жоғары жылдамдықпен келіп соғып өткен. Осындай оқыс оқиғалардың қайталануынан үрейленген тұрғындар қандай да бір шара қолданылғанын талап етеді.
Бекет жабылады деген әңгіме өткен жылы шығыпты. Ол кезде де тұрғындар қарсылық білдіріп жүріп, жұмысты кейінге қалдырған. Ал, мамандардың сөзінше, мұндай шаралар қауіпсіздік талаптарын күшейту үшін енгізіліп жатыр екен. Себебі, апаттарға адами фактор да әсер етеді, — дейді. Шамалғанда болған оқиғадан кейін, барлық бекеттер автоматты жүйеге көшіріліп жатқан көрінеді.
ЕРЖАН ТАНКЕЕВ «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ АҚ» ҰК ШАРУАШЫЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
«Ол переездегі 4 жұмысшыны біз жұмыссыз қалдырмаймыз. Олардың барлығы жұмыста қалады. Ол дежурный по переезду деген ол 2013 жылы «Тальго» пойызын жүргізген уақытта уақытша қойылған. Жаңағы переезд Шымкенттегі «Бадам-Игіліктегі» 4 категорияға жатады. 31 декабрьден 1 январь күні «Бадам-Игілікке» барып 4 жұмысшыны алып тастайын деп жатқан ешкім жоқ. Оның барлығы в программе. Будет в процессе».
Ал, дәл Ақбұлақ өткеліндегі жұмысшылар көлік нөпірі аз болғандықтан, басқа жерге ауыстырылып жатыр екен. Бейнебақылау камералары қойылып, осы арқылы рельстегі апаттарды бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік туындайды, — дейді. Рельстің үстімен өтетін көпірмен қамтамасыз ету жергілікті атқамінерлердің жұмысы екен.