Қызылордада облысы әкімдігінің дәл іргесіндегі үш көшенің тұрғындары қақаған қыста үйлерінде бүрсең қағып отыр. Соқпақбаев, Бекшораұлы және Алмалы көшелерінде бір айдан бері табиғи газдың қысымы көтерілмей, тұрғындар үсуге сәл-ақ қалғандарын айтады. Жанайқаларын жауапты мекемедегілерге жеткізіпті. Ондағылар қысымды реттегіш қондырғыны қалталарыңнан ақша шығарып, орнатып алыңдар депті. Ал оның бағасы миллион теңгеден асып жығылады екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Мына акиматтың түбінде тұрмыз! Осы акиматтың түбінде тұрып біз тоңып жатырмыз. Акиматтың ішіндегілер көйлекпен жүр, ал біз үйде тонмен жүрміз!».
Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Әкімдіктің дәл іргесіндегі үш көше тұрғындарының тісі-тісіне тимей бүрсеңдеп жүргендеріне біраз болыпты. Күн суыған соң газ пешінің қысымы мүлдем көтерілмей қойған. Салдарынан үйлерінің іші азынап, берекелір қашыпты. «Базынамызға құлақ асар шенді табылмай тұр» дейді ашынған жұрт.
УӘЛИХАН ӘШЕКОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұл мәселеге бір ай болды қазір. Осы бір айдан асып бара жатыр даже. Үйімізде жылу жоқ, өйткені газдың қысымы жоқ. «Қазтрансгаздың» маманын шақыртып, өлшетіп едік 100-ден аспады. Олардың айтуы бойынша, 200 болуы керек дейді. Халық тоңып жатыр. Қарттарымыз ауырып жатыр, балаларымыз ауырып жатыр. Бір адам келіп жағдайымызды білген жоқ».
Тұрғындар газ таратушы мекемеге де, облыс әкімдігіне де барып арызданыпты. Алайда төбе көрсеткен ешкім болмапты. Қысымы жоқ көгілдір отын қайта-қайта сөне беретіндіктен, мұнда тек апаттан құтқарушы бригада жиі келеді екен. Мамандар қысым тұрақты болу үшін оны реттейтін қондырғыны сатып алу керектігін айтыпты.
ҒАЛЫМЖАН ЗАИРОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мына жүргізем деген «шырпының» бағасы, құны яғни — 1 млн 300 мың теңге деп отыр. Бірақ, оны біздің халықтың, тұрғындардың қалтасы көтермейді. Біз газге тиісті ақшамызды төлеп отырмыз. Ал жалпы осындай төтенше жағдай, басқа да болатын шығындар ол сол біздің газге төлеп отырған құнында, яғни бағасында».
Алайда бұл қаржыны жинауға бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Амалы таусылған жұрт қыстан аман шығу үшін жаппай электр қондырғыларын сатып алып жатыр. Ал сығырайған көгілдір отын бір шәйнек қара суды да қайнатуға жарамсыз екен.
МАЙРА ДӘУЛЕТӘЛІҚЫЗЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Газ төмен болған соң мультиварка мен тефальдыі қолданып жатырмыз. Барлығы эектроприбор. Себебі газдың төмендігі соншалық екі сағат бір сағат күтіп отырасың. Элементарно чайниктің өзін 30-40 минут күтеміз, жарты чайник қойғанның өзінде, өте жәй жанады».
Бұл мәселе аз тартушы мекемеге жақсы таныс. Ондағылар биылғы қыста қосымша қосалқы құбырларды жүргізуге қауқарымыз жоқ деп отыр.
БАЗАРБЕК ЕРІМБЕТОВ, ГАЗ ТАРАТУШЫ МЕКЕМЕНІҢ ӨКІЛІ: «Біздің филиалдың биылғы 20-шы жылға бюджетінде қарастырылмаған, жаңағы қаржы жағынан газ реттегіш және қосалқы газ құбырларын жүргізу. Біз бір шешім ретінде осы тұрғындарға сол өздеріңіз не қылып, қаражат жинап сол жұмыстарды жүргізуге… Ал жұмыстарды біз өз тарапымыздан тегін жүргізіп беруге келісім жасасқанбыз, бірақ әзірге шешімін тапқан жоқ бұл».
«Тек жұмыс жағынан ғана көмектесуге әзірміз» деген газ таратушы мекеме өкілінің сөзімен тұрғындар келіспейді. Уақытылы жылуға төлеп отырған жұрт шығын сол қаражаттан төленсін дейді. Ал, бұл мәселенің қашан шешілері белгісіз. Бүрсеңдеп отырған жұртта қыстың қалған екі айынды қатты аяз болмауды тілеуден басқа амал қалмай отыр.
Ал дәлі іргелеріндегі облыс әкімдігі орналасқан көшеде мұндай проблема атымен жоқ екен.
Әкімдікке арыз айтуға барғанда қыз-қыз қайнап, бір рахаттанып қаламыз дейді жұрт.