Құрылыс компанияның офисін таппай жүрміз! Көпқабатты үйден баспана аламыз деген үмітпен ақша салып, пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүрген бір топ елорда тұрғыны біздің арнаға шағымданды. Азаматтар өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлікті екі жыл бұрын алулары керек екен. Бірақ, содан бері еш өзгеріс жоқ дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Өздеріңіз байқап тұрғандай үйдің тек қаңқасы салынған. Құрылыс материалдары айналада шашылып жатыр. Салымшылар күте-күте шаршадық дейді. Құрғақ уәдеге әбден тойған».
Құрылыс компаниясына наразы топтың бұл бір бөлігі ғана. Мердігер әр пәтер иесіне үйдің салынып біту уақытын әртүрлі жеткізіпті. Бірі 2018 жылы жаңа қонысыма кіремін деп ойласа, тағы бірі осы жылдың желтоқсанында кілтін алуы керек екен.
ЕРЛАН САТЫБАЛДИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Почти 95 процент ақшаны салдым. Маған келесі жылдың май айында жазға дейін квартираны аласыз деді. Содан бері тұр. Офиске бардым. Олар офистерін бірнеше рет ауыстырды. Ауысқаны туралы хабарлама бермейді. Саламыз-саламыз, күтіңдер дейді. Кеше ғана хабарласты. Қалған ақшаны төлеңіз. Төлемесеңіз үй салынбайды деп».
Ерлан Сатыбалдиевтің компания алдында 300 мың теңге қарызы қалған. Бұл сомаға үй бітіп кетсе қанеки дейді. Қаланың шеті болғасын, құны қалтаны қақпайды деп қаражат құйғандардың дені өңірлерден келген азаматтар.
ҒАЛЫМБЕК ИМАЖАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Ыңғайы жоқ. Жүктің бәрі упакованный, жиналған. Оған да бір комната жалдадық. Бір комнатада тұр. Оған да ақша төлейміз. Төлеңдер деді, төледік. 100 процент ақысын бердік. Жылдам істеп береміз деді майда деді. Содан бері обещяет».
Салымшылардың күн сайын күдігі көбейе түскен. Қолдарындағы құжаттарын салыстырса, пәтерлердің жоспары жүйесіз сызылыпты. Мердігер компанияның кеңсесін жиы ауыстыратыны да күмән тудырған. Бұл жолы құрылысшылар Қосшының өз басына орналасыпты. Шыдамдары таусылған жұрт басшыларын сұрақтың астына алды.
ДАРХАН ИБРАГИМОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ӨНДІРІС БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:
«Үй неге тоқтайды? Дольщиктер ай сайын өз ақшаларын төлеп отыруы керек. Бұл кісілерді кінәламаймын мен. Әрбір ұйымға сенбеушілік болады. Тоқтап қала ма, пендеміз ғой ақшамызды алып қашып кете ме деп ойлайды. Бұл кісілердің сенімін ақтау үшін біз өз жұмысымызды бастағымыз келіп отыр. Бастап результат көрсеткен соң бұл кісілер төлей бастайды».
2 жылда бітпеген үйлерді мына азамат жақсы жұмыс істесек, 2021 жылдың наурыз-сәуірінде көтеріп тастаймыз деп уәде берді. Дегенмен үлескерлердің бұл уәдеге сенер түрі жоқ. Әкімдікке, одан қалды прокуратураға арыз жолдамақ.