Әйгілі футболшы Диего Марадона көз жұмды

Футбол сүйер қауым аңызынан айырылды. Аргентинада атақты аяқдоп шебері Диего Марадона көз жұмды. 60 жастағы спортшы өз үйінде жан тапсырған. Бұған дейін ол миына ота жасатып, оңалту кезеңінен өтіп жатқаны хабарланған еді. Миллиондардың сүйікті ойыншысы болған әйгілі Марадона нақты неден көз жұмды? Әлем жұрты оны қалай еске алып жатыр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Футбол сүйер қауымның Диего десе, көз алдарына 1986 жылғы әлем чемпионаты келеді. Нақты айтсақ, Марадонаның ағылшындарға қарсы ойында есеп ашқан «Құдайдың қолы» деп аталған голы.

Ойынды тікелей эфирден көрген жаһан жұрты Марадонаның тыйым салған әдіске барғанын сынады. Бірақ, алғашқы голдан небәрі 4 минут өткенде, ойын өзгертті. Өйткені  ол «ғасыр голын» салды.

Аргентина құрамасының капитаны болған 26 жастағы Марадона осы додада елін чемпион етті. Иә, жұрт «алтын бала» деп атаған Диего осындай еді. Бірде сүйсіндіреді, бірде күйіндіреді. Аса талантты футболшының «әттеген-ай» дейтін тұсы —  тәртібі еді.

Бірақ, «алтын бала» төбелеске командасы жеңіліске жақын болғанда немесе өзгелер оны осыған әдейі итермелегенде баратын еді. Аңыз ойыншының тағы бір осал жері  есірткіге тәуелділігі болатын. Футболдағы мансабын аяқтағаннан кейін ол аса қауіпті затты 22 жасында алғаш рет қабылдадым деп ағынан жарылған еді.

«Мен есірткі қабылдап жүріп те, футбол ойнадым. Көбі мені оны күш алу үшін қолдандым деп ойлайды, бірақ олай емес. Егер сіз есірткі мен футболды бірге алып жүрем десеңіз, қателесесіз. Керісінше, есірткі сіздің күшіңізді құртады. Ол сізді аямайды».))

Футболшыны отаны Аргентинада пір тұтады. Тіпті, ойынына тәнті халқы Марадона шіркеуін де ашқан.

Диего өз мансабын «Архентинас Хуниорс» және «Бока Хуниорстан» бастап, «Барселона», «Наполи», «Севилья» сынды беделді клубтарда ойнады. Қаралы хабарды естіген осы ұжымдардың жанкүйерлері түрлі акция мен қолдау өткізуде. Ал, «футбол патшасы» Пеле «біз әлі мәңгі мекенде доп тебеміз» деді. Марадонаның жерлесі, ізін басқан Лионель Месси де спортшыны еске алды.

ЛИОНЕЛЬ МЕССИ, «БАРСЕЛОНА» ФК ОЙЫНШЫСЫ
«Бүкіл аргентиналықтар мен футбол әлемі үшін қайғылы күн. Ол біздің арамыздан кеткенімен, Диегоның жасағаны мәңгіге қалады. Мен біз бірге болған кездегі сәттері есімде сақтап, Диегоның отбасы мен достарына қайғырып көңіл айтамын. Жатқан жерің жайлы болсын».

Жоғары деңгейде ойын көрсеткен Диего Марадона үйінде ұйықтап жақтанда көз жұмған. Дәрігерлер 60-қа толған футболшының өліміне жүрек дерті себеп дейді. Спортшы жақында миына ота жасатқаны да хабарланған еді. Аргентинада үш күндік аза тұту жарияланды. Даңқты аяқдопшыны жерлеу рәсімі бүгін өтеді деп күтілуде.

X