18:10 Тікелей эфир Фильм «СЕЗОН ПОСАДОК»
20:00 Эфирде әрі қарай «АНАЛИТИКА»

Қытай тарапы қазақстандық тауарды кіргізбей жатыр

Елімізге қытай тауарлары кедергісіз әкелінгенімен, Қазақстаннан аттанған жүк көліктерін көрші мемлекет кіргізбей жатыр. Бұл мәселе бүгін Сенат  отырысында талқыланды.  Жалпы, жоғары палатаның жиынында  көтерілген және қабылданған заң жобалары жетерлік.  Соның бірі  отандық білім беру стандартына ұлттық ойындарды енгізу. Бұл шара қашан жүзеге асады? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Кірген із бар, шыққан із жоқ! Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдай құдды бір ертегінің желісімен өрбіп жатқандай. Кедендік реттеу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Ольга Булавкина кеденде кезек күтіп қалған кәсіпкерлердің мәселесін көтерді. Сенатордың айтуынша, жағдай мүшкіл».

ОЛЬГА БУЛАВКИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
«Қытай шекарасында қатаң карантин шаралары енгізіліп, бүгінде екі ел арасында қатынайтын авто және теміржол көлігінің саны шектелді. Пандемия басталғалы өткізу қабілеті ондаған есе төмендеді. Кей жерлерде жүк тасымалдарына тыйым салынғаны байқалады. Бұл қосымша қаржылық шығындарға, шарттық міндеттемелерді орындамауға әкеп соғуда. Осыған орай тиісті органдар Қытаймен шекарада туындаған жағдайды реттеу үшін қандай шаралар қабылдауда?».

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «иә, жағдай күрделі, бірақ шешу жолдары қарастырылып жатыр» деп жаттанды жалтару әдісін қолданды. Ал қаржы вице-министрі проблеманың ауқымын ашық айтты.

ҚАНАТ БАЕДІЛОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қытай тарапы Қазақстандық тауарды тіптен кіргізбей жатыр. Пандемияға дейін елімізге Қытайдан 200-ге жуық транспорт кіретін. Қазір олардың саны 20-25-ке дейін азайды. Қаржы министрлігі жағдайды реттеу үшін шілде айында пандемияға байланысты жабылып қалған үш қабылдау бекетін қайта ашты. Алайда Қытай өз тарапынан 1 қабылдау пунктін ашты. Қалғаны әлі жабық. Екінші жартыжылдықта Қытай халық республикасы тарапына өткізу бекеттерін ашу туралы хат жіберді. Әзірге ешқандай жауап жоқ. Эпидемологиялық ахуал көрші елде тұрақталғаннан кейін ғана жағдай реттелуі мүмкін».

Енді қабылданған бірер заңға тоқталайық. Сенат отырысында Біріккен Араб Әмірліктеріне жалға 49 жылға жер телімін беру бекітілді».

«Жер сатылып жатыр» деген алып-қашпа әңгіме тарамау үшін бірден айтайық, Әбу-Даби қаласынан да біздің мемлекетке белгілі бір аумақ ұсынылады. Бұл жерлер қос мемлекеттің елшіліктерінің қажеттілігі үшін бөлініп отыр.

МҰХТАР ТІЛЕУБЕРДІ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ
«Әмірліктер тарапына Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздік және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында көлемі 26 147 шаршы метр жер учаскесі, ал қазақстандық тарапқа Әбу Даби қаласында дипломатиялық корпус орналасқан ауданда көлемі 11 148 шаршы метр жер учаскесі 49 жылдық мерзімге өтеусіз пайдалануға, кейіннен осындай мерзімге ұзарту шартымен беріледі».

Сенаторлар алдына мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар алып келген Ақтоты Райымқұлованың да заңы да қабылданды. Мәдениет және спорт министрі бұл өзгеріс арқылы спорт инфрақұрылымдарын халыққа қолжетімді етпек. Сондай-ақ, білім беру бағдарламасына ұлттық спорт түрлерін енгізу де ойларында бар екен.

АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ
«Білім беру ұйымдарында ұлттық түрлерден ең алдымен асық ату, тоғызқұмалақ және қазақша күрес енгізу жоспарланып отыр. Аударыспақ, көкпар, жамбы ату, жекпе жек сияқты спорт түрлерінің оқушыларға денсаулықтарына зақым келмейтін тек жаттығулары, элементтерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл айтып кетейін кезең-кезеңімен іске асырылады».

«Министрліктің жастарды ұлттық спортқа баулимыз дегені жақсы әрине. Бірақ, балалар аударыспақ, көкпар дегенді жылқыға жоламай қалай үйренеді екен? Бұл елде жоқ ерекше әдісті  Ақтоты Райымқұлова кезегі келгенде өзі көрсетер».

X