Қытайдағы түзету лагерінде отырған қандастарымыз толық елге қайтарылады. Бұл жөнінде Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағатында еліміздің сыртқы істер министрі мәлімдеді. Бейбіт Атамқұловтың сөзінше, өткен жылы біздің консулдыққа көрші елден көмек сұраған 1387 адамның шағымы келіп түскен. Ал, бүкәлемдік резонанс туғызған этникалық қазақтардың мәселесі тіпті беделді халықаралық ұйымдардың мінберлерінде де талқыға түсіпті. Мәжіліс қабырғасынан әріптесім Қайыркен Отыншы толығырақ.
Біз Қытай еліндегі қандастарымыздың жанайқайын бір емес, бірнеше рет көрсеткен болатынбыз. Мәселен, өткен жазда Есік қаласындағы ата-анасы көрші елде қалып қойып, зар жылаған балалар жанды елжіреткен еді. Алпауыт елде қазір 1,5 миллионнан астам қандасымыз тұрады. Бұл тек ресми ақпар ғана. Ал, бейресми нақты қанша екені белгісіз. Екі жақта қалып қойған отбасылар да жетеді. Соның бірі тарихи Отанына келген Аятхан аға. Бұл кісінің әйелі де Қытайда қалып қойған.
АЯТХАН ЖЕҢІСНҰР, ЕСІК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мына ұлым екі жарым жас кезінде қалған. Қызым жеті айлық кезінде қалған. Міне қазір бір жыл, тоғыз ай 15 күн болды. Қызым анасын танымайды. Ұлым анасын суреттен көрсе таниды».
Қытайдағы түзету лагерлеріне түсіп, ата жұртына орала алмай жүрген қандастарымыздың тағдырына алаңдаған халық қалаулылары бүгін Мәжілістегі үкімет отырысында сыртқы істер министріне депутаттық сауал жолдады.
БЕРІК ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Қытайдағы түзету лагерлері туралы қандай ақпараттарыңыз бар? Екінші, сол түзету лагерлеріне түскен біздің қандастарымызды құтқару туралы қандай шаралар қолданып жатырсыздар? Жалпы үшінші, мына Қытайдағы түзету лагері ғана емес қорлық көрген, еліне жете алмай жатқан біздің қандастарымызды жалпы мәселелерін шешу жолында қандай шаралар қарастырылған?»
БЕЙБІТ АТАМҚҰЛОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ: «Биыл Қазақстан мен Қытайдың екі азаматтығын ұстап отырған 33 адам қамауға алынған. Соның 20-сын біздің дипломатия бағытымен, консулдармен үлкен жұмыс өткізіп қайтардық». Сыртқы істер министрлігі қандай да бір қиындыққа тап болған жағдайда біздің Қытайдағы елшілікке көмек сұрап баруға шақырады». Ведомство басшысы ол жердегі консулдық әр азаматтың мәселесін жіті қарауға дайын дейді. Сондай-ақ, қиындыққа тап болған жандар біртіндеп елге қайтарылып жатыр екен.
БЕЙБІТ АТАМҚҰЛОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ: «Өткен жылы 2 мың 500 адам біздің қандастарымыз елге қайтуға рұқсат алып, Қазақстан азаматтығына өтуге рұқсат алды. Бүгінгі таңда 1387 арыз қолымызда. Әр тұлғамен жеке жұмысты істеп жатырмыз. Қазір, бірталай мәселе көтеріліп жатыр. Жұмыс істелініп жатыр». Ал, Қытай мәселелерін ұдайы зерттеп жүрген мамандар болса, ол елде қазір түзеу лагерьлері жаппай жабылып жатқанын айтады. Оған министрліктен бөлек, БҰҰ қабырғасында өткен отырыс та үлкен көмек болды» дейді.
ҚЫДЫРӘЛІ ОРАЗҰЛЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫТАЙ САЯСАТЫН ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Ноябрьдің 5-і күнгі БҰҰ өткен 31-ші сессиясында арнаулы бірінші күнін осы Қытайдағы адам құқықтары, Шыңжаңдағы адам құқықтарына арналған үлкен жиналысында, ол жиналысқа біз де қатыстық. Осы Қытайдағы мыңнан астам арыздарды жеткізіп соларға және лагерьден шыққан азаматтарды көрсеткен едік. Енді, осының нәтижесінде және халықаралық қысымдардың және біздің сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық жұмыстарының нәтижесінде қазір Қытайдағы қазақтардың мәселесі біршама оңға қарай баса бастады. Мамандардың сөзіне сенсек, қазір көрші елдегі қазақтар қоныстанған аймақта жағдай тұрақталып келеді. Бірақ, әлі де келіссөздер жалғасып жатыр. Мұның қортындысы қандай боларын уақыт көрсетеді».