Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы цемент зауытының ауыр жүк көліктері жолдан жол қалтырмайтын болды. Сарыөзек Жаркент бағытындағы республикалық трассаны саз балшықша илеп, асфальттың астаң-кестеңін шығаруда. Осылай деп мұңын шаққан жүргізушілер күре жолдың көз алдарында талқандалып жатқанына наразы. Оның үстіне онда көлік апаты болу қаупі де басым екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл Сарыөзек пен Жаркент қаласының арасын жалғайтын республикалық маңызы бар трасса. Осы Алтынемел асуы арқылы өтеді. «Өңірден цемент зауыты ашылып, Жамансай кен орны жұмысын бастағалы тегіс жолдың астаң-кестеңі шықты. Әк тас тиеген ауыр жүк көліктері асфальтты езіп, шұрық-тесікке айналдырды» дейді жүргізушілер.
ЖӘЛЕЛ САМАТҰЛЫ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ: «Талдықорған мен Жаркент арасында жиі жүрем мен. Мына жол енді невозможно. Именно перевалдың ішіндегі жолдар оқы-шойқы. Мәшинеміздің астын постоянно соғамыз. Ховалар жаңағы жүк көліктері бар ғой, жүріп-жүріп, тесіп-тесіп тастаған енді. Жүру не возможно енді бізге».
ҚУАНЫШ ОРАЗАҚЫНҰЛЫ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ: «Алтынемел мен Сарыөзектің арасы жол нашар. Үлкен машина жүрген бе, калья-калья. Отырып кеткен кейбір жерлері. Тас ұшады. Оның үстіне встечкаға шығуға тура келеді да. Аварийный ситуациялар көп боп жатыр негізі».
Жүк көліктері әк тасты осы Жамансай кен орнынан тиеп, 60 шақырым жердегі цемент зауытына тасиды. 8 көліктің арқайсысы күніне ары-бері 4-5 рет қатынайды. Осылайша, 25-40 тонналық жүк көліктерінің ауыр салмағына саз балшықша иленген күре жолдың біраз бөлігі ойдым-ойдым боп кеткен. Бұл мәселеге қатысты «Қазавтожол» мекемесіне хабарласып көрдік. Жауаптылардың сөзінше, ширек ғасыр бойы күрделі жөндеу көрмеген трассаны алдағы жылы ретке келтірмек.
АЛМАТ ТӘКЕБАЕВ «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Қазіргі уақытта цемент зауытының автокөлік құралдарының қозғалысы тоқтатылды. Автомобиль жолының жүру бөлігіндегі ақауларды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылы 0-45 шақырымы мен 68-178 шақырымы арасындағы учаскелерін күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге ақшалай қаражат бөлу жоспарлануда».
Бұл жағдайға цемент зауыты басшылығы да алаңдап отырғандарын айтты. Сондықтан, жуық арада жолдың ойылған бөліктерін жөндеп, өздерінің жүк көліктері үшін жанама жол салғалы отыр екен.
БОЛЫСБАЙ МОМБАЕВ, ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ӨКІЛІ: «Пучина дейді, калья дейді, соларды ретке келтіруге тырысамыз, қыс түскенге дейін. Ал, келесі жылдың басынан жанама жол, техникалық жанама жол салудың жобасын жасап отырмыз, 47-шақырымға дейін зауыттан бастап. Ар жағы перевалды біз ештеңе жасай алмаймыз. Перевалды «ҚазАвтоЖолмен» бірігіп қолданамыз деген жоспарымыз бар бізде».
«Жол азабын жүрген білер». Сондықтан, жүргізушілер де күре жолды тез арада ретке келтіріп, апатты жағдайлардың алдын алса дейді.