9:25 Тікелей эфир «ПРОУЮТ»
10:25 Эфирде әрі қарай Многосерийный фильм «НАША ДОКТОР»

Жалақы алмаған: Жұмыстың өзіне көршіден қарыз алып жетеміз!

«Жұмыстың өзіне көрші-қолаңнан қарыз алып барып жүрміз!». Ақтөбедегі іргелі кәсіпорын қызметкелері айлап жалақы алмағандарын айтып,  арнамызға шағымданды. Кәсіпорын басшысының «әне-міне ақшаларыңды береміз» деген уәдесіне тойған жұрт жұмысты тоқтатып, талаптарын айтты. Бұған мекеме басшылығы не дейді? Берешегі бірнеше миллионға жеткенше неге қамсыз отыр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жиналғандар  Ақтөбеде жол салумен, жөндеумен, көпір құрылысымен айналысатын іргелі кәсіпорынның жұмысшылары. Маңдай терімен тапқан ақшаларын даулап жүргендер таңертең жұмысқа шықпай қойған. Өйткені, жалақысыз жүргенімізге үш ай болды деп отыр. Басшылық күнде құрғақ уәдемен тойдырып келеді, дейді.

АБАЙ ЕРІМБЕТОВ, ЖҰМЫСШЫ: «Автоваз үлкен, мощность жетеді, бірақ жұмыс істегенімен ақша жоқ. Қайда кетіп жатқанын білмейміз. Сентябрдің жартысын ғана алдық. Октябрь, ноябрьдің бір тиынын да алған жоқпыз. Налог төлеп жатырмыз, ақша болады деп сонымен біздерді солай алдап келе жатыр»

Жырымдап берген жалақы несиеден артылмайды дейді азаматтар. Қалтасында бақыр тиыны қалмаған кейбір жұмысшылар тіпті жолақыға көрші-қолаңнан қарыз сұрап жүргендерін айтты.

АЛИК ШИЛЛЕР, ЖҰМЫСШЫ: «Жұмысқа келуге көршіден қарыз алып жүрмін. Мен ғана емес, осы жердегі қаншама жұмысшы қарызданып-қауғаланып қалды. Әрі қарай күніміз не болады? Екі ай жалақысмызды бермеді. Елу пайыздан жырымшылап береді, ол не болады?».

Еңбек инспекциясындағылар кәсіпорындағы жайттан хабардар болып шықты. Жұмыс берушінің қыркүйек айындағы берешегі 7 млн, қалған екі айға 22,5 млн теңгені құрап отыр.

АСЛАН МАХАТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ:
«Прокуратураның енгізген ұсынысы бойынша біздер ТОО «КТП» мекемесін тексеріп, оған тиісінше айыппұл салып, нұсқама еттік. Бүгінгі күні 30 млн теңге шамасында жалақы бойынша берешегі бар. Қыркүйек, қазан айларына».

Ал компания басшылары проблеманы шешуге тырысып жатқандықтарын жеткізді. Жұмысшылар бүгін жұмыс аяғына дейін жалақысының бір бөлігін алып қалады деп сендірді.

ЗАХАР АРОНОВ, СЕРІКТЕСТІК БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Жұмысшылардың жалақысын кешіктіргеніміз рас. Оның өз себептері болды. Уақытша қиындықтар туындап, қызмет көрсетуші банкті ауыстырған сәтте, шоттарымыз біршама уақыт жабық болды. Қазір бұл сұрақ шешілді».

Серіктестікте 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорындағылар жыл соңына дейін жалақы бойынша берешекті толық өтеп бітпек.

X