Жамбыл облысындағы аласапыран немесе қараңғыда қалған жұрт
17 ноября 2021
Желдің екпінінен екпетінен құлаған жамбылдықтар әлі есін жия алмар емес. Секундына 30 метр жылдамдықпен соққан дауыл шаһардағы үйлердің шатырын жұлып, биік талдарды сұлатты. Ал тамырымен опырылған ағаш газ құбырының үстіне түсіп, электр сымдарын үзіп, бірнеше елді-мекен көгілдір отынсыз, жарықсыз қалды. Апатты жағдайларды болдырмас үшін бүлінген құбырларға газ беру тоқтатылды. Тіпті, қатты бораннан жолда кетіп бара жатқан көліктің өзі аударылған видеолар әлеуметтік желіде жаппай тарады. Боранның салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар бірнеше жол жабылды. Ал синоптиктердің алдағы күндерге арналған болжамы, тіптен көңілді көншітпейді. Жамбыл облысында табиғаттың тосын мінезі туғызған аласапыран жайынан толығырақ тілшіміздің келесі материалынан қаныға аласыздар.