Жылуға жарымай отырмыз

Алматыда оншақты көппәтерлі үй тұрғындары 4 жылдан бері жылуға жарымай отырғандарын айтады. Жұрттың шағым айтып бармаған жері қалмапты. Жылумен жабдықтаушы мекеме де, аудан басшылығы да жыл сайын уәдемен асырап келеді дейді. Жылыту маусымы басталғанан бері бүрсеңдеп отырған тұрғындар мардымсыз жылу үшін ақшасын төлеуден бас тартуда. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Алматы қаласының тұрғыны Жанар Мәуленованың Монтажная көшесіне пәтер сатып алғанына 10 жылдың жүзы болған. Соңғы 3-4 жылдан бері қыс бойы дірдектеп шығатынын айтады. Жауаптылар жыл сайын уәдені үйіп-төккендерімен жылудың не себепті мардымсыз екенін ешкім дөп басып айта алмаған. Үйдегі құбырлар мен жылу батареяларын да ауыстырыпты. Бірақ нәтиже шамалы. Жылудың жоқтығынан терезелері терлеп, үйдің іші сыз тарта бастаған.

ЖАНАР МӘУЛЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Мына жер жылы болса, мына жер мұздай. Бізге КСК шақырған кезде батареяны ауыстырыңыз деп, ауыстырып тастадық. Ондан кейін кішкене жылиды да қайтадан мұздайды. Содан кейін трубалардың барлығын варить еткізіп, қайтадан обраткасын істеттік. Міне мына трубалардың барлығын ауыстырғанбыз. Өзімнің кішкентай балам бар. Күні-түні обогреватель қосылып тұрады».

Жалпы қыс бойы бүрсеңдеп шығатын жалғыз Жанар ғана емес. Онға жуық  үйде жылу мүлдем жоқ деп айтуға болады. Тұрғындардың дені зейнет жасындағы қарт кісілер. Жұртшылықтың шағым айтып бармаған жері жоқ. Жалумен қамтушы мекемеден бастап, аудандық, қалалық әкімдікке дейін шағымданған. Алайда бірнеше жылдан бері нәтиже шығара алмай келеді екен. Биылдан бастап жылу толықтай берілмесе ақысын төмемейміз деп отыр.

НИКОЛАЙ КОЛОТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Батареяның үсті ғана жылы, төмен жағы мұздай. Ешқандай шара қолданбайды. Биыл төртінші қыс. Өткен жылдары қыс жылы болғандықтан әупірімдеп шықтық. Біз не үшін ақша төлеп отырмыз?!».

ТАТЬЯНА МИНЕНКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Барлық тұрғындардан қол жинап, Түркісіб аудандық әкімдігіне, жылу желілері мекемесінәң бөлімшесі мен басқармасына бардық. Қалалық әкімдікке де шағымдандық. Бір-біріне сілтеп, жағдай өзгеріссіз қалады».

Әкімдік қызметкерлері жағдайдан хабардар екен. Құрылған комиссиямен барып тексергендерін жеткізді. Үйлер өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынғандықтан әлі күнге күрделі жөндеу көрмепті. Ішкі жүйелері әбден ескіргендіктен оны ауыстырмай жылуға жармайды дейді. Жауаптылар пікірінше тұрғандар оған құлықсыз көрінеді. Ал қыс қаһарына мінгенде барлығы жақсы болады деп сендірді әкімдіктегілер.

АЙДОС БЕКЕТАЕВ, ТҮРКІСІБ АУДАНДЫҚ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
«Өзіміз шара қолданып, Алтеске тапсырма бердік, регулировка жасасын. Жылу трассасын полностью. Қазір үш күн болды айтып жатқанымызға. Келесі аптадан бастап көреміз қандай нәтижеге жеттік. Болмаса тағы басқа жағын ойластырамыз. Қыстың күні температураны барлығы көбейтеді ғой сол кезде жүреді ол үйлер».

Әкімдік қызметкерлері «жыламаған балаға емшек жоқ демекші», өздері қамданбаса тұрғындарға ішкі жылу жүйесін ешкім жасап бермейтіндігін айтады. Осылайша тараптар бірі-біріне сілтеп жүргенде тағы қылышын сүйретіп қыс келді. Тұрғындардың тілімен айтқанда күрмеулі мәселені шешуге ешкім құлқы жоқ. 4 жыл берілмеген жылу биыл беріле қояды дегенге жұртшылық сенбейді.

X