Соңғы уақытта кеншілер қазасының артуы жамбылдық бұрымдының жанына батса керек. Қаршадай қыз адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін ерекше каска ойлап тапты. 15 жастағы Жансезімнің айтуынша, «ақылды» бас киім газ бен өртті ерте анықтайды. Қауіпті жағдай туындаған сәтте бірден дабыл қағады. Сондай-ақ, каскаға орнатылған GPS жүйесі оқыс оқиға кезінде жұмысшының нақты орнын жылдам табуға мүмкіндік береді. Қазір жоба жүз метрлік тереңдікте тексерістен өтіп, оң нәтиже көрсеткен.
«Каскада осындай апаттарды анықтайтын датчиктер орнатылған. Төбеден құлап жатқан тастарды сезіп, белгі береді, соның арқасында олар қауіпсіз жерге уақытылы ауыса алады».
Бойжеткен қауіпсіздік каскасын небәрі екі айда құрастырған. Енді ол тың жобасын өндірісте сынап көрмек. Кеншілер қызығушылық танытса, касканың санын арттырмақ. Айта кетейік, жыл басында Астанада өткен республикалық байқауда Жансезімнің жобасы 2500 жұмыстың ішінен үздік деп танылған.
«Жазғы демалыста балалармен Қаратау қаласындағы шахтаға баруды жоспарлап отырмыз. Сол жерде кеншілердің пікірлерін тыңдағымыз келеді. Балаларды бір аптаға шахтада тәжірибе ретінде қалдыру ойымыз бар. Сондай-ақ, осы каскаға болашақта патент алу мүмкіндігін қарастырып отырмыз».
Дәурен Доғдырбай