Хайп қуамын деп, айып арқалады. Ақтөбеде жүйткіген жеңіл көліктің үстіне шығып алған жігіт ұсталды. Желіккен жас бұл әрекетін көпшілік көрсін деген оймен әлеуметтік желіге жүктепті. Алайда ол тек Тик-токта отырғандардың емес, полицейлердің де назарына ілікті. Көп ұзамай тәртіп сақшылары өзін «Супермен» сезінген жігіттің кім екені анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Ал көлікті айыппұл тұрағына қойды.
ӘСЕМ ПІРМАҒАМБЕТ, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ ИНСПЕКТОРЫ:
«Бұл әрекеттердің салдарынан ауыр жол көлік оқиғалары болуы ықтимал. Осыған сәйкес көлік құралының жүргізушісіне жолаушыны кабинадан тыс тасымалдау дерегі бойынша және жолаушыға заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды».
Ақбаян Сұлтанмұратова