«Мүмкіндігі шектеулі» деген сөзді қаламаймыз. Бүгін инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты Мәжілісте өткен жиында ерекше балалардың ата-аналары одағының басшысы осылай мәлімдеді. Оның сөзінше, елімізде қолданыста жүрген кейбір заңдарда осы атау кездеседі. Сондықтан Рауана Сағадиева алдағы уақытта қабылданатын құжаттарда бұл терминді алып тастауды сұрады. Бұл тек өзінің ғана емес, ерекше бала тәрбиелеп отырған жандардың ұсынысы екенін жеткізді.
РАУАНА САҒАДИЕВА, «ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР АТА-АНАЛАРЫНЫҢ ОДАҒЫ» РҚБ ТӨРАҒАСЫ:
«Мысалы, 2002 жылғы заңда «мүмкіндігі шектеулі», ал «Білім туралы» заңда «білім берудің ерекше қажеттіліктері» деген ұғым бар. Яғни, заңнаманың ішінде де қайшылықтар байқалады. «Мүмкіндігі шектеулі» дейтін сөз баланы кем, әлсіз етіп көрсетеді. Қоғамда стигма тудырады. Бұл БҰҰ-ның Конвенциясындағы 8-бапқа қайшы. Біз барлық заңды өзгертіңіздер демейміз. Алайда ескі, ауыр естілетін сөзді қолданбаған жөн деп санаймыз».
Ал депутат Нартай Сәрсенғалиев ерекше балаға білім беріп жатқан мамандардың жалақысы көтерілмей, оларды емдеп, қоғамға қосуда проблема азаймайтынын айтты. Сондай-ақ, мәжілісмен ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарды 55 жастан зейнетке шығару туралы бастама көтергенін де атап өтті.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Мыңдаған маман шығардық, маманды жібердік. Бәленше оқу бағдарламасын жасадық. Бірақ түпкі мәселе неде? Ерекше баланы реабилитациялық орталыққа жібереміз, бірақ ол жерде маман бар ма? Грант жүзінде бар. Іс жүзінде маман тапшы. Мәселе айлықта. В3 категориясын 1193-тен өзгертіңіздер десек, Үкімет өкінішке орай жалақыны көтеру туралы ұсынысымызды қолдамады».
Бүгінде елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 18 жасқа дейінгі 237 мыңнан астам бала тіркелген. Олардың 193 мыңнан астамы білім беру ұйымдарында оқиды. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия қорытындысы бойынша шамамен 17 мың бала үйде білім алып жатыр екен.
Маржан Нүсіпбек