Алматылық кәсіпкерлер мен фермерлер осының жауабын 3 жылдан бері таба алмай жатыр. Соттан сотқа жүгініп, әділдік іздеп шырылдап жүр. Арғысын қос тараптың да уәжін тыңдап қайтқан тілшіміз айтсын.
Даудың басы – Байсеркенің көк сиыры.
Бәрі сонау 2022 жылы басталған. «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1300 бас ірі қарасын санап, етпен айналысатын ірі компанияға сатқан. Бірақ кәсіпкерлер келісімге келгенімен, ақшасын төлеуге асықпаған.
ҒАЛЫМЖАН ЖҮНІСБЕКОВ, «БАЙСЕРКЕ-АГРО» ЖШС БАСШЫСЫ:
Бұл ірі қара, арасында қойы да бар, біздің фермада 2 жылдан бері болды. Біз сол уақытта малды күтіп, жем-шөбін беріп отырдық. Кейін заңды ақшамызды ала алмаған соң, сотқа жүгіндік. Олар сиырларды арестке қою туралы шешімге келді.
Сөйтіп, соңында ірі қарасы да, ақшасы да жоқ. Арестке қойылған түлікке де ешкім жөнді қарамаған. Ақыры 1300 бастан небәрі 500-дейі ғана аман қалған. Енді шығын көлемі тіпті 500 млн теңгеге дейін жеткен. Оған екінші тарап келіспей отыр.
ҚАМБАР ЖҮСІПОВ, АДВОКАТ:
Заң бойынша, сот орындаушы мұндай қарыздарды есептеп беруге құқылы. Бірақ барлық шығындар құжаттар арқылы дәлелденуі қажет.
Енді қос тарап та базынасын айтып, соттың табалдырығын тоздырып жүр.
ҒАЛЫМЖАН ЖҮНІСБЕКОВ, «БАЙСЕРКЕ-АГРО» ЖШС БАСШЫСЫ:
Біз барлық ақшамызды ғана емес, 2 жыл уақытымызды да жоғалттық. Енді қалған ірі қараларды бізде қалдырғанның өзінде, оны сатсаң, 500 млн қарыздың бәрін жаба алмайсың.
Сот процесі әлі де жалғасып жатыр. Әзірге нақты шешім шығарылған жоқ. Дегенмен түлігінен айырылып, ақшасынан қағылып, еңбегі зая кеткен фермерлер әділдік орнамайынша қайтпаймыз деп бекініп отыр.
Нұрай Құрақбай