Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Орталық Азия елдері күш біріктіруі тиіс…

Таза ауа мен сапалы су, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесі керек-ақ. Адамның қалауы осындай болғанымен, табиғаттың бізге бере алатыны алаңдатарлық күйде. Сондықтан Сары құрлықтағы 9 елдің басшысы және 20-ға жуық елдің делегациясы Астанада түйткілдің түйінін тарқатудың ортақ амалын іздеп жатыр. Олар мәселемен қалай күреспек?

Біз болашақ ұрпаққа қандай әлем қалдырамыз? Бүгінгі күннің басты сұрағы осы. Өйткені экологиялық ахуал шиеленісіп барады. Көлдер құрғап, қуаңшылық жайлап, климат көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Төрткүл дүниені алаңдатқан түйткіл Орталық Азияны да айналып өтпейді. Себебі аймақтағы мемлекеттер теңізге тікелей шыға алмайтындықтан, мұнда су тапшылығы, шөлейттену, трансшекаралық өзендерге тәуелділік мәселесі өте өзекті. Мұндайда мемлекеттер бас пайданы емес, табиғи тепе-теңдікті сақтау арқылы болашақты ойлауы керек. Жиынның өтуіне мұрындық болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың да айтпағы осы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде жүздесіп отырмыз. Мұның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына қаншалықты ауыр тиіп жатқанын егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ. Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер, күрмеуі қиын экологиялық проблемаларға жұмсалуға тиіс ресурстар зая кетіп жатыр. Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады.

Қоршаған ортаның игілігін ортайтпай, табиғаттың тартуын ұтымды пайдаланудың баламасы жоқ емес. Бар. Мәселен, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды сөз күйінде қалдырмай, оны серпілте түсу кезек күттірмейді. Осы мақсатта біздің ел 2030 жылға қарай оның үлесін 15 пайыздан асыруды және ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды 35 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр.

ӘЛІМЖАН ТҰРАР, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Көміртекпен жұмыс істейтін станциялардың үлесін азайтып, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін көбейту – біздің министрліктің жауапкершілігі. Соның аясында жоспар-жобаларымыз бар. 2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізсек, зиянды шығарындылардың деңгейін төмендетуге көмектеседі. Жаңа жоспарланып отырған станциялар заманауи, экологиялық талаптарға сай болады.

Жаһандық жылыну деңгейінің артуы да табиғи баланстың бұзылуына әсер етіп отыр. Жауын-шашынның түсуі де бұрынғыдай емес. Апталап созылатын аптап ыстықтың салдарынан Орталық Азияда топырақтың тозуы 80 пайызға жеткен. Осы орайда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев халықаралық мінберлерден айтылатын ұрандар нақты қаржылық қолдаумен қуатталуы тиіс екенін қадап айтты.

ШАВКАТ МИРЗИЁЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Айтылып жатқан декларациялар мен үндеулер нақты ресурстармен нығайтылмай отыр. Жаһандық өзгерістерге ең аз әсер еткен елдер табиғаттың қатал салдарымен тағы да бетпе-бет жалғыз қалуда. Біз халықаралық ынтымақтастық ең алдымен дамушы елдерге бағытталуы тиіс деп есептейміз. Бұл – климаттық қаржыландыруға, озық технологиялар мен инновацияларға уақтылы, әділ және кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету деген сөз.

Аймақта трансшекаралық сулардың ахуалы күрделі деңгейде. Бұлай жалғаса берсе, қара судың өзі алтынға балануы мүмкін. Сондықтан оның қадірін білетін кез келді. Мүдделес мемлекеттер тарапынан келісілген жүйе керек. Теңіздердің мәселесін тілге тиек еткен Президент биоалуантүрлілікті сақтау мәселесін де қозғады. Қолға алынған шаралардың нәтижесін бере бастағанын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Табанды еңбек нәтиже берді. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейді. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Экологиялық саммит үш күнге жалғасады. Оның қорытындысында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған 51 құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жалпы сомасы 2 млрд АҚШ долларынан асатын 6 инвестициялық жобаны бекіту көзделген. Жалпы алғанда, бұл шара аймақ елдерінің бірлігін нығайтып, дамуға ұмтылысын көрсететін маңызды сәт.

Бердібек Қарынбай

← Барлық жаңалықтар