Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Арал тағдыры: үміт пен жаңғыру

Кіші Аралдың мүшкіл халі жақсарып, айдын арнасынан асты. Кезінде табаны құрғаған теңіздің бұл бөлігінде тіршілік қазір қыз-қыз қайнап тұр. Балықшылар қайығын қамдап, ау салып, әупірімдеп нәпақасын тауып жүр. Желбезектілер әзірге көп болмағанымен, келешекте саны артып, мәре-сәре боламыз ба деген бұқараның үміті зор. Бұл мәселе тек біздің елдің ғана емес, жаһан назарындағы тақырып. Арал мәселесі осы аптада Астанада өткен өңірлік саммитте де сөз болды. Президент алаңдаушылық білдірген түйткілге тоқталып, көрші мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Кіші Арал десе, Бөген ауылының есімі қатар жүреді. Себебі бұл мекен — теңіз тағдырының шежіресі. Бір кездері толқыны тебіренген айдын жүз шақырымға алыстап кеткенде, бөгендіктер қайығын емес, үмітін құмға қалдырғандай күй кешкен еді. Бірақ бүгін жағдай мүлдем басқа. Кіші Аралдың көлемі үлкейіп, жағалау қайта жанданды.

Кезінде құм құрсауында қалып, тағдыры қыл үстінде тұрған Бөген ауылының бүгінде тынысы қайта ашылғандай. Көкарал бөгетінің салынуы мен Сырдариядан келген су Кіші Аралдың тамырына қан жүгіртті. Ауылдағы ағайынның несібесі – осы айдын. Күнкөрісі балықшылықпен тығыз байланысты бөгендіктер таңсәріден теңізге бет алып, ата-бабадан қалған кәсіпті нәсіп қылып отыр.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Дәл қазір біз Кіші Аралдың жағасындамыз. Мұнда жергілікті азаматтар рұқсат етілген аймақта балық аулап, кәсіп қылады. Біз жігіттерге қолқа салмақшымыз. Олардың жұмысымен танысуды жөн санадық. Бердібек мырза, ассалаумағалейкум! Рұқсат болса сіздермен бірге ашық теңізге шығып, жұмыстарыңызбен таныссақ. Иә, жүріңіздер, айналдырып алып келемін ғой.

БЕРДІБЕК БАЙДУЛЛАЕВ, БАЛЫҚШЫ:

Енді қазір біз ашық теңізге қарай беттеп бара жатырмыз. Жалпы бір күндік жұмысыңызбен таныстыра кетіңізші. Күнделікті шығасыздар ма, әлде рұқсат етілген күндер ғана бола ма? Қалай болады, жұмыс тәртіптеріңіз қалай өзі? Сезоны осы кезде ашылды ғой. Ертең мамырдың бірі – запрет болады. Рұқсат етілмейді. Мамырдың біріне дейін бұйырған жұмысымызды істеп, балығымызды аулап, күнімізді көреміз ғой.

Орта жолда теңізге ау салып, басқа да балықшыларды жолықтырдық. Айдында адал еңбек етіп жүрген ауыл азаматтары ата кәсіптің бүгінгі ахуалын ашық айтты.

БАҚЫТБЕК МҰРАТОВ, БАЛЫҚШЫ:

Есімім Бақытбек, осы саламен айналысып жүргеніме 21 жылдай болды. Аллаға шүкір, кәсібімізді осы теңізден тауып отырмыз. Бірақ биыл балық аздау. Істей алмаймыз. Мынау ғой балықтың кескіні. Қанша балықтың несін іздеп бара жатырмыз. Жиекке бара алмай тұрғанымыз сол. Әлде де бар, білмеймін енді. Кәсібіміз осы болған соң…

Теңіз жағасында тіршілік еткен жұрттың тілегі бір – су молайып, балық көбейсе екен дейді. Өйткені бұл өңірде көптің күнкөрісі осы кәсіпке байланған.

МАРЛЕН КЕЛМАҒАНБЕТОВ, БАЛЫҚШЫ:

Бізге әйтеуір Сырдарияға су құйып, деңгейі көтерілсе. Көпбалалы отбасылар көп ауылда. Осы жерден нәпақасын тауып, бала-шағасын асырап отыр. Бізге толғаны жақсы ғой. Кепкенінен толғаны жақсы. Теңіз толса, балықтың да берекесі келеді. Бәрі бір Алланың қолында. Тілейміз су көтерілгенін, балықтың келгенін.

Балықшылармен тілдескен соң, біз ауылдың көнекөз қариясына жолықтық. Сексеннің сеңгіріне таяған ақсақал осыдан алпыс жыл бұрынғы Аралды сағынышпен еске алды.

ӘДІЛХАН ӘБДІКӘРІМ, ЗЕЙНЕТКЕР:

Салынған алты пәтерлік үй болды, сонда тұрдым алпысыншы жылдан бастап. Желді күндері теңізден соққан кезде су көтеріліп, сол үйлердің есіктерінен үйдің ішіне кіріп жататын.

Өткенге өкініш білдіргенмен, уақытты кері қайтару мүмкін емес. Ендігі мақсат – теңізді сақтап, апаттың алдын алу. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы жылдары Кіші Аралдағы су көлемі айтарлықтай артқан. Мамандар мұны жүйелі жобалардың нәтижесі дейді. Әсіресе, Көкарал бөгеті арқылы су реттеліп, теңіз деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік туған.

ҚАЙРАТ ЖАНСҰЛТАНҰЛЫ:

2022 жылдың қазан айында теңіздегі судың көлемі 18,5 млрд текше метрге дейін түсіп кеткен болса, қазіргі уақытта 23,3 млрд текше метрге жетті. Бүгінде теңізге секундына 125 текше метр су түсіп жатыр. Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес Аралды сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Арал мәселесі тек бір өңірдің ғана емес, әлем назарында. Осы аптада Астанада өткен өңірлік экологиялық саммитте бұл тақырып кеңінен қозғалды. Жиын қорытындысы бойынша маңызды шешімдер қабылданды. Соның бірі – 26 наурыз Арал теңізі мен Сырдария, Әмудария өзендерінің халықаралық күні болып бекітілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қоры аясында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажет екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ:

Аймақтың тағдыры өз қолымызда. Сенімді диалог пен тығыз ынтымақтастық қажет. Су болмаса, Орталық Азия елдерінің күні қараң. «Су – тіршілік көзі». Бұл саммит өңірлік ықпалдастықтың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін.

Аралды сақтаудың балама жолдарын ғалымдар мен сарапшылар да ұсынып жатыр. Соның бірі – Торғай ойпаты арқылы су жеткізу жобасы. Жоба жүзеге асса, теңізге қосымша су келіп, экожүйені тұрақтандыруға ықпал етуі мүмкін.

ЖАНБОЛАТ НАДЫРОВ:

Жоба бойынша Торғай ойпаты арқылы дамбалар салынып, су Аралға жеткізіледі. Бұл теңізді толықтыруға мүмкіндік береді.

Құрғаған теңіз табанын қалпына келтіру жұмыстары да қарқын алған. Қазір дрондардың көмегімен галофит өсімдіктер егіліп жатыр. Бұл топырақтағы тұзды шаңның таралуын азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.

АЙНҰР КӘРІБОЗОВА:

Ғалымдардың кеңесімен жаңа өсімдік түрлерін егіп жатырмыз. Бұл жердің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Мамандар су деңгейінің көтерілуі соңғы жылдардағы ең жоғары меже екенін айтады. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Демек, Аралдың ақ толқындары жағалауға әлі талай мәрте соғады дегенге сенім мол.

Рамазан Палмағанбет

← Барлық жаңалықтар