Мазмұнға өту
· 17 қаралым

Тазалық — тәрбиеден басталады

Бүгін сайын даламыз қоқыстан арылып, көшелеріміз айнадай жалтырап, саябақтардың сәні кірді. Қолына күрек пен қап ұстаған мыңдаған азамат «Таза Қазақстан» акциясына қатысты. Жер-жерде ағаш көшеттері отырғызылып, тұрмыстық қалдықтар шашылған аумақтар адам танымастай өзгерді. Табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, Астанадағы паркке ағаш екті. Соңғы екі жылда екі миллион тоннадан астам қоқыс шығарылып, 5 миллион 500 мың түп тал отырғызылды.

Елорда таңы, «Самал» саябағы. Президент бастап, эко белсенділер қостап, республика бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы кезекті сенбілік басталып кетті. Енді елорда жұрты асыға келетін су жаңа саябақта сая болатын, жайқалып өсетін көшеттің саны көбейді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бүгін баршаңызға зор алғыс айтамын. Әсіресе, жастарымызға зор ризашылығымды білдіремін.

Жалпықалалық сенбілікке Парламент өкілдері де жең түріп кірісті. Портфельді күрекке, костюм-шалбарын спорттық киімге алмастырған депутаттар көшеттің 200-ге жуық түрін отырғызды. Бұл ағаштар енді ЛРТ-мен жүретін ағайын үшін қаланың ерекше сәнін ашатын болды. Акция тек бас қалада емес, еліміздің әр өңірінде жалғасын тапты. Телекөпір арқылы әрқайсы атқарылған жұмыс жайлы Президентке есеп берді. Мәселен, алматылықтар ән айтып, би билеп жүріп, 12 мың көшет егіп үлгеріпті.

АБАЙ ЖҰМАНИЯЗОВ, ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛЫНЫҢ АҚСАҚАЛЫ:

Бұл тек бір күндік акция емес, бұл әр күнгі әрбір адамның, әрбір тұрғынның, әрбір жанұяның ісі. Әркімнің өзінің үйінен, ауласынан, көшесінен басталады.

Ақтауда да еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қолына күрек ұстады.

ӘБІЛҚАЙЫР БАЙПАҚОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Керемет, ата-аналар оқушылармен бірге қаланы көгалдандыруға үлес қосып жатыр. Көп алғыс. Қандай тәрбие, міне балалар да келіп қатысуда.

Жыл сайынғы дәстүрге айналған сенбілікке мұнайлы Маңғыстау да, Ақмола, Қарағанды облыстарының жұртшылығы, еліміздің шығысы мен ақтөбеліктер де үн қосты.

ИСАБЕК ДҮЙСЕНБАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҚҰРЫЛЫС ОТРЯДЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

Қазіргі таңда біздің триатлон паркінде жасыл ел еңбек жасақтарының 100-ге жуық сарбазы еңбек етуде. Олар шырша, қарағай сияқты ағаштарды отырғызуда.

ВИКТОР ПРОХОР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз де әріптестерімізбен бүгінгі акцияны қуана қолдауға келдік. Қаланың тазалығын сақтауға әрдайым ат салысып отырамыз. Қазір бізге бөлінген аумақты тазартып жатырмыз.

Иә, «Таза Қазақстан» деген бір күндік акция емес. Ол әр адамның күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысы да тазалықтың тірегі тәрбиеден басталатынын айтып, мектептерде арнайы сабақтар енгізуді тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Оқу-ағарту министрлігіне жасыл сабақтар жобасын қабылдауды тапсырамын. Білім ордаларында суды және қуат көзін үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау ісін дәріптейтін бастамаларды қолға алу қажет.

Осылайша, ақ пейілмен, түзу ниетпен басталған жоба берекелі болып, екі жылдың өзінде 2 млн тонна қоқыс жиналып, 5,5 млн тал егілді. Бүгінде қалалар қоқыстан арылып, көшелер тазарды. Егілген ағаштар да бір-екі жылда жайқалып, тұрғындар жиі баратын әдемі орынға айналары сөзсіз.

Нұрай Құрақбай

← Барлық жаңалықтар