Ақтөбеде дәстүрлі «Жұбанов көктемі» фестивалі басталды. Биылғы шара дирижер, музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбановтың 120 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Осыған орай жерлестері қазақ музыка өнерінің дамуына зор үлес қосқан тұлғаның құрметіне арнайы көрме ұйымдастырды. Экспозицияға сирек фотосуреттер, композитордың жеке пайдаланған заттары мен қолжазбалары қойылған.
Бірегей жәдігерлердің бірі — Ахмет Жұбановтың Құрманғазы оркестрінде қызмет еткен кезінде киген фрагы. Көрменің басты мақсаты — көрнекті тұлғаның шығармашылық мұрасын дәріптеу.
РЫСКҮЛ БҮЕШ, АХМЕТ ЖӘНЕ ҒАЗИЗА ЖҰБАНОВТАР МЕМОРИАЛДЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалдық музейі Ахмет Жұбановтың 100 жылдығына орай 2006 жылы ашылды. Бүгінде музей үш экспозициялық залдан тұрады. Мұнда 4 мыңға жуық экспонат сақталған. Соның ішінде Ахмет Жұбановтың өзі пайдаланған 1934 жылы жасалған домбырасы бар. Оның авторы — шебер Романенко.
Ақбаян Сұлтанмұратова