Ақ халаттылардың студенттік шағы тағы бір жылға ұзарады. Медициналық білім беру жүйесіндегі өзгеріс жайлы Мәжіліс мінберінен айтылды. Мақсат — уақытты созу емес, сапаны жақсарту. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі 6 жылдық жүйе жас мамандарды екіұдай күйде қалдырып отыр. Не жұмысқа тұра алмайды, не толыққанды ем-дом жасауға рұқсат жоқ. Осыдан кейін тәжірибесі толыспаған маманның резидентураға түсуі, кейін жұмысқа тұруы да қиындай түседі. Тиісті өзгерістер енгізілмесе, алдағы уақытта кадр тапшылығы болуы мүмкін, деді халық қалаулысы.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Енді 7 жылдық оқуға көшеміз. 6 жыл университеттегі теориялық оқу және 1 жыл ауруханада өтетін толыққанды практикалық интернатура болады. Осыдан кейін олар алғашқы буындағы жалпы практика дәрігері ретінде жұмыс істей алады. Бірақ невропатолог, нейрохирург сияқты бағыттарда маман болғысы келсе, қазіргідей резидентура оқуын жалғастыруы тиіс. Сонымен қатар оқу бағдарламасының мазмұны да қарқынды болады.