Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Президент тұлпарларға жем берді

«Ақ боз ат – менің тұлпарым, шалқыған көңіл сұңқарым». Осылай деп Сәкен Сейфуллин жырлаған сәйгүліктің бірнешеуі Президент Іс басқармасының атқорасында тұр. Мейрамда қолы қалт еткен Мемлекет басшысы кешенге арнайы аялдап, арғымақтардың бабын көріп қайтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі жазбасында әр жылдары өзіне сыйға тартылған тұлпарлардың сипатына айрықша тоқталған. Түрікменнің атақты ахалтеке тұқымынан шыққан қылаң боз тайға «Ақжан» деп ат қойса, бірнеше ай бұрын қосылған құла түстес құлынға «Ақниет» деген есім бергенін жазды. Сондай-ақ Президент жылқы мәдениетін насихаттауға және еліміздегі ат спорты түрлерін жаңғыртуға басымдық беру керектігін айтты.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ИНСТАГРАМДАҒЫ ЖАЗБАСЫНАН:

Аттың сынын жақсы білетін мамандар келешекте халықаралық жарыстарда топ жаратын тұлпар болады деп бағалап отыр. Президент Іс басқармасының атқорасында жақында Қатар елінен сыйға келген арабы арғымақтарымыз да бар. Арасында осында келіп, жылқыларға өз қолыммен жем беріп тұрамын. Қазақ халқы жылқы түлігін «Ер қанаты – ат» деп ерекше қадір тұтқан. Ел ішінде жылқының қасиетін дәріптеп, ат спортын дамытуға айрықша мән беруіміз керек.

← Барлық жаңалықтар