Мазмұнға өту
· 16 қаралым

Президент Үкіметті сынады

Әлем технологиялық трансформация кезеңіне қарыштап қадам басқанда, Қазақстан да көштен қалмауы тиіс. Инновация игілігін, әсіресе, экономиканың барлық саласына енгізуді мықтап қолға алу қажет. Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бұл – еліміздің басты стратегиялық бағыты. Десе де, жауаптылардың салғырттығынан цифрландыру ісінің тиімділігі көңіл көншітпей отыр. Үкімет көп созбай бұл олқылықты жоюы тиіс, деді Президент.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған, қолданыстағы әдістеме бір ізге түспеген. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесіндегі табыстың ара жігін ажырата білу керек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне жұмыстың тиімділігін емес, алдамшы көрініс қалыптастырып жатады. Сондықтан бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді.

Осылайша, цифрлық экономиканың ішкі жалпы өнімге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Цифрландыру тиімділігін арттыру міндеттелді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы негізгі мемлекеттік жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, «Smart Data Finance» платформасының іске қосылуы – елеулі жетістіктердің бірі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жүйе мобильді аударымдардан бастап ұшақпен сапарлауға дейінгі әрекеттердің бәрін қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық мәлімет жинайды. Бюджетке онлайн-мониторинг жасау жүздеген миллиард теңге тәуекелі бар төлемдердің алдын алады. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілді. Осы арқылы мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы архивтерде шаң басқан ақпараттарды цифрландыруды жеделдетуді тапсырды. Өйткені ондай деректер өнімділікті арттыруға жол ашады. Бұл ретте, ең алдымен, қазақ тілін заманауи цифрлық жүйелерге толық бейімдеу маңызды. Инновацияны барлық салаға енгізуге сонда ғана жағдай туады.

← Барлық жаңалықтар