Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Мәжіліс даулы заңды мақұлдады

Қоғамда қызу пікірталас тудырып, депутаттар қызылкеңірдек болып талқылаған заң ақыры Президентке жолданды. Мәжіліс сенаторлар кері қайтарған құжатты қайта қарап, әріптестері ұсынған түзетулермен келісті. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңда біраз дүние бар. Мәселен, енді әрбір елді мекен жануарларды ұстау тәртібін өз бетінше белгілеп, иесі жоқтарын уақытша ұстау мерзімін де өзі айқындай алады. Сондай-ақ бұралқы иттерді жансыздандыру туралы шешім ветеринариялық қорытындыға сәйкес қабылданады. Яғни олардың саны дәрі салып өлтірумен реттелмейді. Айықпайтын дертке шалдықса ғана жанын қинамай көзін жояды.

ЕРБОЛАТ САТЫБАЛДЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жануарларды есепке алу және чиптеу меншік құқығын растаудың негізгі әрі тиімді тетігі болуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, егер жануар есепке алынбаса – оның иесін анықтау мүмкін емес, ал иесі анықталмаса, жауапкершілік те болмайды.

Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге де жаза қатаңдатылды. Мәселен, әлдекім хайуанға қасақана жарақат салса немесе оны өлтірсе, қомақты айыппұл арқалайды. Көлемі 8 млн 650 мың теңгеге дейін барады. Ал қайталанған жағдайда түзеу және қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Айта кетерлігі, қаңғыбас иттер ауланғаннан кейін қайтарылмайды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл қоғамда үлкен пікірталас тудырған заң. Осымен екі палатамен де қабылданды бүгін. Анау битке өкпелеп, тонын отқа жағыпты деген бар еді. Итке өкпелеп, Еділ Терекбайұлы да біраз жерге дейін барды енді. Бірақ заң қабылданды екі палатамен де. Дискуссияны тоқтатқан дұрыс болады деп ойлаймын.

← Барлық жаңалықтар