Тарихи әділдік орнаған күн. Елімізде Халық Қаһарманы атағын алған азаматтардың саны 38-ге жетті. Республикадағы ең жоғарғы мәртебеге Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Кенжебай Мәденов лайық деп танылды. Себебі майдангер 1945 жылы Берлиндегі Қызыл Ратуша шатырына жеңістің туын ілген екен.
Ерлік ұмытылмайды. Ол өз бағасын ерте ме, кеш пе, бәрібір алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыста көзге түскен Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын берді. Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені марқұмның ұлына табысталды.
Батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен Кенжебай Мәденов 1945 жылы 29 сәуірде жауынгер досы Константин Громовпен бірге Қызыл Ратуша ғимаратына жеңіс туын ілген. Қарапайымдылықтан болар, қарулас досына Кеңес Одағының Батыры атағы берілген уақытта ардагер өзінің ерлігі жөнінде тіс жарып, жан баласына айтпаған екен. Отбасы мүшелері, әріптес достары да бұл туралы мүлде білмеген. Ал аталарының ерлігі жөнінде алғаш Маршалл Жуковтың кітабынан оқып, танысқан. Тарихи шығармада Кенжебай Мәденовтің үлгілі әрекеті егжей-тегжей жазылған екен.
МАХАМБЕТ МӘДЕНОВ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ КЕНЖЕБАЙ МӘДЕНОВТІҢ ҰЛЫ:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қадірлі қазақ елі. Бүгін тарихи әділдік салтанат құрған айрықша күн. Небәрі жиырма жасында взвод командирі болып, Берлинді шабуылдау кезінде батырлық көрсеткен әкеміз Кенжебай Мәденовтің ерлігі лайықты бағасын алып отыр. Оған сізге алғысымыз шексіз.
Сол уақытта Қызыл Ратуша ат шаптырым аумақты алып жатқан Берлиндегі екінші ірі ғимарат болған. Үлкендігі жағынан Рейхстагқа ғана жол береді екен. Ал тығырыққа тірелгендер жеңіс туын қалай қызғыштай қорығанын аңғару қиын емес. Кенжебай Мәденовтің взводы кескілескен ұрыста ғимаратты танкімен бұзып, атойлап жүріп нысанды басып алған. Мемлекет басшысы осындай батырлардың ерлігі көпке үлгі екенін айтып қалды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атағын алды. Алайда көптеген майдангердің ерлігі еленбей қалғаны да жасырын емес. Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Бұл біздің перзенттік парызымыз.
Ардагер майдан даласына 1943 жылы аттанды. Ол уақытта Кенжебай Мәденов 18-ге де толмаған бозбала. Батырымыз қайтсем де соғысқа аттанамын деп комиссариатқа жасы жөнінде жалған мәлімет берген. Себебі Кенжебай Мәденовтің фашистермен жеке есебі бар еді. Өйткені бұған дейін оның үлкен 3 ағасының екеуі соғыс даласында опат болған. Жас болса да бас бола білген ардагерге ұрыс даласында взводты басқару мәртебесі беріліпті.
БАТЫРБЕК МӘДЕНОВ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ КЕНЖЕБАЙ МӘДЕНОВТІҢ НЕМЕРЕСІ:
Бұл үлкен мәртебе бізге. Тек қана біздің отбасымыз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен мәртебе. Бұл қазақ батырларына деген үлкен құрмет деп білемін. Сол үшін мемлекет басшысына рахмет айтқым келеді. Екіншіден, осы мәліметтерді жинаған Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, тарихшыларға, достарымызға алғысым шексіз.
Ал Берлинге барар жолда Кенжебай Мәденов жанқиярлығымен көзге түсіп, оған ерлігі үшін екі Қызыл Жұлдыз ордені табысталыпты. Десе де соғыс аяқталған соң ардагер арнайы қызмет бөліністерінде еңбек етіп, майдан жылдары жөнінде ашып әңгіме айтпаған екен.
МАХАМБЕТ МӘДЕНОВ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ КЕНЖЕБАЙ МӘДЕНОВТІҢ ҰЛЫ:
Ақордадағы жиынды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барлығы түсім сияқты. Біз әкеміздің ерлігін дәлелдеу үшін қаншама тер төктік. Мұрағаттарды ақтарып, Кенжебай Мәденовтің Берлинде болғанын растайтын құжаттарды іздедік. Бірнеше жыл уақыт жұмсадық. Енді, міне, еңбек ақталып, мемлекет басшысының қолынан осындай атақ алдық. Әкем елінің тыныштығы үшін майдан даласында аянбай соғысты.
Кенжебай Мәденов қазақтың батыр ұлдарының бірі. Ол 20 жасында небір қан майданды жүріп өтіп, Берлинге дейін жетіп, фашистердің астанасындағы ең биік ғимаратқа жеңіс туын ілген. Ал осы бір қызыл мата жеңістің алғышарттарының бірі еді. Себебі 11 күннен соң жау толығымен ақ жалау шығарып, жеңілісін мойындады. Ал Кенжебай Мәденов сұрапыл соғыстан аман қайтып, бейбіт заманда ел болашағы үшін еңбек етті. Батыр 1974 жылы өмірден озды.