Сыр өңіріне жаңа әкім тағайындалды. Енді Қызылорда облысын бүгінге дейін Мәжіліс депутаты болған Мұрат Ергешбаев басқарады. Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Мұрат Нәлқожаұлы осы өңірдің тумасы. Еңбек жолын кіндік қаны тамған өлкеде экономист болып бастап, мемлекеттік басқару саласында үлкен тәжірибе жинақтаған маман. Әр жылдары қаржы ұйымдарына жетекшілік еткен ол аймақтағы бірнеше ауданның және Қызылорда қаласының әкімі болды. Сондай-ақ министрліктер мен ұлттық компанияларда жауапты қызметтер атқарды. 2023 жылғы наурызда AMANAT партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, заң шығару ісіне де атсалысты.