Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Жаттықтырушы Сазды өзенін қоқыстан тазартып жүр

Ақтөбелік жаттықтырушы тындырған ісімен жұртты сүйсіндірді. Алмаз Исенғалиев бала жаттықтырудан қолы қалт етсе, қаланың ішімен ағып жатқан Сазды өзенін қоқыстан тазартып, тіпті жаяу жүргінші жүретін жолға дейін өзі төсеп тастапты. Тағы бір ойға алғаны бар. Бірақ достары «сотталасың» деген соң қойдым дейді.

Алмаз — кішкентай балаларды суға жүзуді үйрететін кәсіби жаттықтырушы. Негізі өзі бұл маңда тұрмайды. Бірақ жұмысқа күнде осы жолмен барады екен. Әрі-бері өткен сайын аяқтары балшық-балшық болған балаларды, қарттарды көріп, қиыршық тас төсеймін деп шешіпті.

АЛМАЗ ИСЕНҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына бетке өтем жұмысқа қарай жаяу, сондықтан. Күнде көресің ғой енді. Сондай ой болды, жүрген жерім таза болсын. Құйттай балалар, ағамыз, апамыз бұл жолмен өтеді. Жаңбыр жауған соң балшық болады. Кәдімгі аяқтары балшық-балшық жүреді. Не істей алам мен сол үшін деп. Содан бастадым жайлап жинау деген сияқты. Щебенка тастап, таза жол болсын деп. Талай щебень төктік, талай мусор шығарып, андай сухостой болды.

Қиыршық тас, құрал-сайман, басқа керек-жарақты да Алмаз ешкімнен сұрамай-ақ, өз ақшасына сатып алған. Жұмыстан қол босаса, Сазды өзеніне келіп, маңайдың қоқысын тазартып, қураған шөпті жинап алады. Алмаздың бұл іспен айналысып жүргеніне екі жылдан асыпты.

САНСЫЗБАЙ САРЫМСАҚ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Алмаз деген жігіт өз еркімен, тегін мына жерге щебенка төсеп, жол салып жатыр. Мына Сазды өзенін тазартып тұрады әрқашанда. Сондай тұрғынымызды қолдап, сөйтіп құрметтеп тұрайық. Саз ғой енді, жаңбыр жауғанда, мына жақта мектепке өтеді көп балалар. Жұмысқа өтетіндер бар, сол балшықпен жүретін еді. Енді мына Алмаз азамат осыны бастап, істеп жатыр. Іске сәт! Бәріміз қолдайық.

12-ші шағын аудан мен орталықты бөліп жатқан өзеннің ортасына көпір қажет деп тұрғындардың айтып жүргеніне біраз болды. Қазір екі араны плита жабыны жалғап тұр. Оның өзімен жүру қауіпті дейді. Алмаз әрі-бері жаяу қатынайтын жұрттың жағдайын ойлап, сол жерге көпір қойсам деген ойы болыпты. Мұны достарына да жеткізген екен, олар «Өзінше билік ету» бабымен істі болып кетерсің деп ойландырып қойыпты. Бірақ Алмаз егер әкімдік құптап, тиісті орындар рұқсат етсе, туған қалама көпір қойып беруге де дайынмын дейді.

← Барлық жаңалықтар