Түн ішінде бір адамды пышақтап өлтіріп кетті. Куәгерлердің айтуынша, үш жігіт марқұмды үйіне дейін көлікпен қуып келіп, екі суық қаруды қатар сұғып алған. Бір соққы бүйрегін қақ бөлсе, екінші пышақ жамбасына қадалыпты. Қандықол қылмыскер небәрі 20-дағы бозбала деседі. Ешкімге соқтықпай түзу келген бір үйдің отағасы анасының қолында жан тапсырыпты.
Кәпелімде ұлынан айырылған отбасы түннен бері жоқтауда. Жанасыл Сәрсенбай кеше кешқұрым інісімен әкесінің басына барып, құран бағыштапты. Қайтар жолда көлігінің төрт есігін айқара ашқан жігіттерді көрген. «Есігіңді жап, өтіп кетейін» десе, ауылдастары ығыса қоймапты. Бірақ марқұм ашуға берілмей, айналып өтіп, үйіне келеді. Сол кезде баяғы жігіттер артынан қуып жетіп, бір сөзге де келмей пышақтап, қашып кетті дейді туыстары.
ЖАЙНАГҮЛ НҰРҒИСАҚЫЗЫ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
Басын шығарып айтқан, «жер жетпей ме, айналып өт» деген. Біздің бала айналып өткенде газ беріп кеткен. Бар шамасы – газ беріп кеткен, сөз болмаған. Содан айналып келіп, машинаны қойып, енді шығып темекі тартайын дегенде келген. Бетпе-бет тұрған. Баланың артында былай тұрған. Жанында інісі көрмеген. Артындағы екі бала көрген. Пышақты тыққан бала еңбетінен түскен ғой бала.
Оқиға Талғар ауданы, Нұра ауылында түнгі 11-лер шамасында болған. Анасы кіші ұлының «ағамды пышақтап кетті» деген сөзіне атып шыққан. Екі пышақ екі бүйіріне қатар тығылып, бірі бүйрегін тілген, екіншісі жамбас тұсына кіріпті. Бірақ қан мүлдем сыртқа шықпаған. Қайғыдан қан жұтқан шешесі еш себепсіз өлтірген үш жігітті мүлдем кешірмеймін деп отыр.
АЛМАГҮЛ НҰРҒИСАҚЫЗЫ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Мен барып баламды құшақтадым. Балам бүйтіп отыра кетті. Баламды қатты құшақтағанымда қатты күрсінді. Иығыма басын қойды. Соңғы баламды құшақтағаным болды. Соңғы рет баламнан бір ауыз сөзін де естімедім. «Ана» деген сөзді естімедім. Мен кешірім бермеймін, өліп кетсем де, кешірім бермеймін.
Пышақтаған күдікті оқиға орнынан қашып кеткен соң жездесінің үйіне барып, шайын ішіп, қалаға такси шақыртқан. Тіпті суық қаруды да сол үйге тығып үлгеріпті. Полиция оны да, жанындағы екі жігітті де елді мекеннен шыға берісте ұстаған.
ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу аясында оқиғаға қатысушылар мен куәгерлердің жауаптары мұқият тексерілуде.
ГҮЛНӘЗИЯ МЕЙІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Күні кеше әкесінің басына барып, құран оқыған Жанасылды бүгін жақындары әкесінің жанына жерледі. Артында боталаған анасы, бірге толмаған қос қызы және туғандары қалды. Олар өмірін қыршыннан қасақана қиған күдіктілер әділ жаза алуын талап етіп отыр. Тағы полиция Нұра ауылына тәртіпті күшейтіп, рейд жүргізсе, жастар дәл осылай көшеде пышақпен жүрмес еді дейді.