Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Еден жуушылар еңбекақысын ала алмай жүр

Таразда еден жуушы болып еңбек еткен елуге жуық адам ақысын ала алмай жүр. Айлығын айлап күткен тазалық қызметкерлері қазір амалдың жоқтығынан жұмыстан шығып, күнкөріс қамы үшін егіс алқабында шөп жұлуға мәжбүр. Айтуларынша, компанияның жұмысшылар алдындағы берешегі 10 миллион теңгеге жеткен.

ТАЗАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Сәуірдің 12-сі күні жұмыстан шықтым. Менің екі баламның аяғы сынып жатыр. Астанаға кетуім керек. Жо-жоқ, 3900 теңге айлық па?! Айтыңызшы. Бастықтар шықсын!

Екі ай еден жуып, аула тазалаған жұмысшылар басшылық жарытып айлық бермеді дейді. Аванс деп аударғаны 2-3 күндік шығынның өзін әрең жапқанын айтады. Әкеліп-әкеткені тегін болғанымен, уәде еткен кәсіпкердің түскі асы түсімізге айналды деп отыр. Онымен қоса құрылыс материалдарын сататын дүкеннен қарыз алып, мекеменің іші-сыртын өздері сылапты.

АРАЙЛЫМ АРЫСТАНОВА, ТАЗАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Ішкі-сыртқы сылақтарды істедік. Еденді боядық. 158 мың теңге қарызымыз бар құрылыс дүкеніне. Оны да берген жоқ.

Жалақыға жарымаған жұмысшылар наурыз айында бар болғаны 3900 теңге алған. Табысын толық сұраса, жауаптылар елді ертеңімен тойдырған. Мардымсыз ақшамен мазақ еткен соң, қызметкерлер амалсыз жұмыстан шығуға мәжбүр болыпты.

БЕРДАЛЫ АМАНБАЕВ, ТАЗАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Ертең беремін, арғы күні беремін деп, тауыққа дән шашқандай 10 000 теңге, 3 900 теңге беріп жатыр. Оны айлық деуге болмайды ғой бізге. «Шешіп жатырмын» дейді. Қай жақтан шешіп жатқанын, нені шешіп жатқанын білмейміз. Шешіп келе жатқанына екі ай болды. Екі айдан бері мәселе шешілмей келеді.

Тазалық жұмыстарын жүргізетін жеке меншік мекеме ақпан айында ашылған. Құжат мәселесі толық шешілмегеніне қарамастан, кәсіпкер бірден 50-ге тарта адамды жұмысқа алған. Іскер компанияны коммуналдық төлем қабылдау орталығына тіркей алмай жүргенде, жұмысшылар еңбекақысынан қағылыпты. Егер көпқабатты үй тұрғындары тиісті төлемді уақытында бергенде, қызметкерлер жалақысыз қалмас еді дейді.

МИРАСХАН ДАУЫЛБАЕВ, КӘСІПКЕР:

Айтып отырмын ғой, тұрғындар төлем жасап жатқан жоқ. Бізде қазір қарамағымызда 55 үй бар. Соның ішінде 70 пайызы төлем жасаған жоқ. 3 ай бойы. Сонда 3 ай бойы тұрғындар төлем жасамаса да, мекеме жұмыс істеп келе жатты.

Жергілікті биліктен қолдау болмады деген кәсіпкер жалақының жұмысшыларға қашан берілетінін ашып айта алмады. Соған қарағанда қолдарына шелек пен сыпыртқы ұстаған жандар төккен тері мен еңбегінің ақысын әлі ала алмайтын сияқты.

← Барлық жаңалықтар