Мазмұнға өту
· 8 қаралым

«Таза Қазақстан» қалай жүзеге асырылып жатыр?

Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бойынша отырыс өткізді. Онда волонтерлік қозғалысты қолдау жайы қаралды. Елімізде 810 ұйым, үш жарым мың бастамашыл топ жұмыс істейді. Акцияға әрбір үшінші қазақстандық қатысып, бүгінде ерікті саны 300 мыңға жеткен.

Дәл осы белсенділердің көмегімен елімізде экологиялық мәдениет қалыптасады дейді. Олжас Бектенов тағы экотуризм мен экологиялық инфрақұрылымды дамытуды күшейту керектігін баса айтты. «Таза туризм» бағдарламасы аясында бірқатар ұлттық саябақта ақпараттық баннерлер, қоқыстарды сұрыптап салатын жәшіктер пайда болыпты. Тіпті келушілерден түсетін қаражат есебінен 9 бақылау пункті автоматтандырылған. Бұл өз кезегінде түсімдерді есепке алудың ашықтығын арттырады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мына ірі бизнесмендермен жұмыс істеу керек. Министрлер, әкімдермен бірлесіп қолға алыңыз. Бізде көптеген көрікті жерлер бар. Жаңа айтып өттік, Көлсай, Шарын, Алтын-Емел, Іле-Алатау, басқа да әрбір өңірде өзінің ерекше жерлері бар. Соны қазір қолға алып, жақсы нәтиже шығару керек.

← Барлық жаңалықтар