Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Аудандағы жомарт әкімнің қолын облыс байлап отыр

Алматы облысында екі метр жерде тұрған газ құбырына жұртшылық бес жылдан бері қосыла алмай келеді. Аудан атқамінерлері жылда келіп уәдені үйіп-төгіп кеткенімен, құрғақ сөз күйінше қалып отыр. Үйін жылыту үшін ақшасы жеткендер тоққа қосады, жетпегендер көмір жағып, күл тасиды. Ал жергілікті биліктің бел шеше кірісіп, бұл шаруаны бір-ақ шешіп тастағысы келеді-міс, бірақ қолбайлау болып тұрған кедергілер бар көрінеді.

Есік қаласындағы көпқабатты үйдегі тұрғындардың көрген күні осы. Қыста үйлерін көмір жағып жылытып, бұрқыратып күл шығарады. Шамасы жеткені электр қуатын қосып алған. Бірақ айына 70-80 мың теңге төлеулеріне тура келеді екен. Тағы бірі тыйым салынса да баспанасын газбен жылытады. Одан басқа амалы жоқ. 4 үйде 40 отбасы тұрады.

ЕЛДАР ШАБДАРБАЕВ, ЕСІК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына қыстың күні пеш қайта-қайта бітеледі. Шатырға шығасың, тазалайсың. Арнайы адам шақырасың, отқа қауіпті өте көп нәрсе. Өйткені мұндай пештер үйде тұр да. Ыс болатын күндер болды, жасырмаймын. Өйткені пеш тартпай қалған күндер болады. Өйткені трубada конденсат жиналады ғой. От жаққан кезде қатты ысиды да, суыған кезде ішіне конденсат жиналады.

Бұл үйлер кезінде автопаркке тиесілі болыпты. Сол мекеменің қызметкерлеріне берілген. Орталық жылу жүйесіне қосылып, табиғи газбен қамтылыпты. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында автопарк жекенің қолына өтіп, жылудан да, көгілдір отыннан да қағылған. Содан бері жандарын шүберекке түйіп, газбен ас әзірлеп отырғандарын айтады.

МҰРАТ ОМАРОВ, ЕСІК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге мына жерлерге БМК саламыз деген, котельный общий. Соны күтіп отырмыз. Міне бүгін, ертең, қанша жыл өтті. 5-6 жыл өтті. Мына әкімдер ауысады. Қаланың әкімдері 4-5 ауысты. Ауданның әкімдігі ауысты. Ешкім ештеңе істемейді.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бұл үйлерге жоба жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтіпті. Есік қаласы бойынша 8 қазандық салу туралы облысқа тапсырыс беріп қойыпты. Жалпы аудан орталығында 400-ден астам отбасы ортақ қазандықтың салынуын күтіп отыр екен. Оны қаржыландыруға 700 миллион теңге қажет. Ал аудан бойынша бұл мәселені толығымен шешуге 4 миллиард теңге керек.

МЕДЕТ ЖАНӘБІЛОВ, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ, КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Біз уәде бере алмаймыз. Өйткені бұл бюджетке тақалады. Бюджетте қаражат болған жағдайда, бөлінсе салуға тырысамыз. Бюджетке салмаса, пока енді тұрады проектіміз.

Ауданның атқамінерлері жомарттың қолын жоқ байлайдының керін киіп отыр. Бәрін бірден істеуге Алматы облысының әкімдігі қаржы бермей отыр екен. Құрғақ уәдеге халықты әлі қанша жыл қарық қылатыны тек әкімдерге ғана мәлім.

← Барлық жаңалықтар