Қазір жер-жаһанда геосаяси жағдай жақсы емес. Ал біздің әскери медицинаның жағдайы қалай осы? Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев осы мәселені көтеріп, Үкіметке сауал жолдады. Оның сөзінше, Қарулы Күштерде маман тапшылығы қатты сезіліп отыр. Әсіресе әскери фельдшерлер жетіспейді.
Депутат сауалмен бірге ұсынысын да айтты. Талдықорғандағы медициналық колледж базасында арнайы бөлімше ашу керек дейді. Өйткені бұл қалада гарнизон да, госпиталь да бар. Яғни студенттерге теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік бар.
ҒАЛИАСҚАР САРЫБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Әскери медицина саласындағы бастапқы медициналық көмектің негізгі орта буын мамандарын – әскери фельдшерлерді даярлауды қолға алу қажет. Бүгінде Қарулы Күштер мен азаматтық қорғаныс жүйесі тарапынан кадрларға деген қажеттілік артып жатыр.