Отбасы күніне байланысты Экономикалық зерттеулер институты түрлі деректерді жариялады. Қазақстанда шаңырақ құруға асықпайтындар қатары көбейген. Осы институтқа қарасты Өңірлерді зерттеу және өмір сапасы орталығы директорының орынбасары Әйгерім Аманжолованың пікірінше, жастар некеге тұрмас бұрын білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасып, қаржылай тәуелсіз болуға көбірек мән береді.
Дегенмен, 2025 жылғы әлеуметтік зерттеулер бойынша қазақ қоғамында отбасының рөлі жоғары екені байқалған. Сауалнамаға қатысқандардың 97,4%-ы туыстары және достарымен араласып тұратынын айтса, 89,5%-ы қиын жағдайға тап болғанда арқа сүйейтін жақын адамы бар екенін атап өткен.
Тағы бір дерек: ауылға қарағанда, қаладағылар көбірек шаңырақ көтереді. Мысалы, өткен жылы шаһарларда некелесу коэффициенті 6 болса, елді мекендерде бұл көрсеткіш небары 4-тен асқан. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кейінгі он жылда елімізде неке саны 22 пайызға азайған.