Мазмұнға өту
· 21 қаралым

Алқымнан алған аллергия

Қазір адамдардан қандай ас жейсің емес, қандай тағамға аллергияң бар деп сұрайтын болдық. Рас, өсімдік көрсе түшкіріп, кейбір дәмнен ауыз татса қызара бөртіп шыға келетіндер көбейді. Тіпті абайсызда анафилактикалық шок алып, ана дүниеге аттанып кете жаздағандар жоқ емес. Ота алдындағы түрлі екпені қазір тексеріп салмаса, науқас операция басталмай жатып бақиға аттанып кетуі де мүмкін. Аллергияның соңғы жылдары асқынуына не себеп? Ағзамыздың қандай асқа стоп қойып, қай препаратқа қарсы екенін қалай білеміз?

Көктем мен жаздағы осы бір иіс… Керемет, иә? Төңірек гүлге толып, табиғат жұпар иіссуын сепкендей. Осындайда көкірегіңді керіп, таза ауаны терең жұтудың өзі бір ғанибет емес пе?

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Иә, көздің жауын алатын сұлулықтың екінші жағы да бар. Жасыл желек бүр жарып, табиғат түрленген мезгіл әсіресе маусымдық аллергиясы барлар үшін нағыз сынақ. Ауада қалқыған тозаң мыңдаған адамның тынысын тарылтып, мазасын қашырады. Мамандар қазір қоздырғыштардың бұрынғыдан да агрессивті сипат алғанын айтып, дабыл қағып отыр.

Аллергия – жаһан жұртын жағадан алған басты қатердің біріне айналып барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2050 жылға қарай жер шарындағы халықтың тең жартысы аллергияның қандай да бір түріне тап болуы мүмкін. Елімізде де ахуал мәз емес. Ресми дерек бойынша халықтың 30 пайыздан астамы аллергияның азабын тартып жүр.

Астаналық Нұржан Жарылғап көк майсада асыр салып, шаңға аунап өскен ауылдың төл баласы. Жусанының иісімен есейіп, жұпар аңқыған қырда буыны бекіген ол аллергия дегенді атымен білмейтін едім дейді. Қаланың қарбалас тірлігі әсер етті ме, кім білсін?! Екі жыл бұрын бойына жабысқан дерт дегбірін қашырған.

НҰРЖАН ЖАРЫЛҒАП, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жұмыстан сұранамын, себебі жұмыс істеу өте қиын. Үйде жатамын. Далаға шықпаймын. Далаға шықсам, өте қатты қыши бастайды көздерім. Түшкіре бастаймын қатты. Сол себептен үйде отырамын, екі апта. Дәрігерге бардым. Олар айтады: қыс айында емделу керексің дейді. Қыста қолым тимей қалады жылда.

Көп адамның басты қателігі де осы. Аллергия әлекке салғанда ғана ем іздейтін әдетіміз ғой. Алайда ол ойыншық емес, дейді ақ халаттылар. Дер кезінде қам жасамаса, соңы созылмалы демікпеге ұласуы әбден мүмкін. Антигистаминдік препараттарға сенім жоқ. Көзге дәрі тамызу немесе таблеткалар қабылдау ауруды уақытша тежегенімен, одан толық айықтыра алмайды.

Алдымен аллергендердің қозып, оған тәуелділердің көбеюіне түрткі болатын факторларға тоқталайықшы. Урбанизация, қоршаған ортаның шамадан тыс ластануы, тұрмыстық химиялар, дәрі-дәрмектің көп қолданылуы, қала берді тамақтану үрдісі де әсер етіп жатыр екен. Тіпті аллергия коронавирус пандемиясынан кейін асқынып кетті дейтіндер де аз емес. Бұған қатысты дәрігер былай дейді.

АЙГҮЛ ЗҰЛХАЖЫҚЫЗЫ, АЛЛЕРГОЛОГ:

Ковид біздің иммундық жүйемізді әлсіретті. Әсіресе тыныс алу жолдарының иммундық құрылымдарын зақымдады. Жоғарғы тыныс жолдарын, өкпені зақымдады, өздеріңіз білесіздер. Соның кесірінен біздің иммундық жүйеміз әлсіреді. Соған байланысты сіздің бұрын қатынаста болған шаң, шөптің тозаңдары сізге аллерген, қауіпті зат ретінде организміңіз қабылдап, соған қарсы аллергиялар дамып жатыр.

Мамандардың айтуынша, маусымдық аллергияның үш толқыны бар. Сәуірде қайың мен терек, маусым-шілдеде шабындық шөптер, ал тамыз-қыркүйекте жусан гүлдегенде қозады. Мұндайда ағзада «айқаспалы аллергия» жүретіндіктен, ас мәзіріне де абай болған жөн.

ӘЛИЯ ТӨЛЕУБАЕВА, АЛЛЕРГОЛОГ-ИММУНОЛОГ:

Аққайыңға аллергия болғанымен, бізде айқаспалы аллергия бар. Сол кезеңде адамға не жеуге болмайды? Алма, алмұрт, сәбіз – сол заттардың ішінде ол молекула бар. Сол кезеңде адамдар сол заттарды, көкөністерді жемеу керек.

Бұл үшін ең бірінші адамның қандай тозаңға сезімталдығы бар екенін анықтап алу қажет. Бұрын оған көз жеткізу үшін қан немесе тері сынамасын зертханаға жіберіп, апталап күтсек, қазір заманауи технологиялар бір күнде нақты диагноз қойып береді. Мәселен, елімізде қолданысқа енген жаңа жүйе бір уақытта жүздеген қоздырғышты анықтай алады.

ЖАҢАГҮЛ ЖАМАНБАЕВА, АЛЛЕРГОЛОГ-ИММУНОЛОГ:

Мына аппаратымыз – ALEX2 тест аппараты. Қан арқылы алатын аллергодиагностика. Құрамында 295 аллерген бар. Бұның ішінде даладағы өсімдіктің шаң-тозаңына, үйдің ішіндегі жануарларға және табиғи тағамдарға жасалатын диагностика бар.

АЙГҮЛ ЗҰЛХАЖЫҚЫЗЫ, АЛЛЕРГОЛОГ:

Ол солай анықталғаннан кейін сізде ремиссия болуы керек, яғни аллергия тоқтаған болуы керек. Сол кезден бастап емді бастайды. Бірінші кезеңі 1-ден 3 айға дейін жүргізіледі. Екінші кезеңі 3-тен 5 жылға дейін жүргізіледі. Сол кезде теріңізге аллергия шақырған затты аз дозамен енгізеді. Сөйтіп ағзаны үйретеді.

Аллергияның тамырына балта шабу мүмкін бе? Өткен аптада әлемнің 7 мемлекетінің білікті аллерголог-иммунолог дәрігерлері Алатаудың бөктеріне ағылды. «Аллергия және астма» деп аталатын форумда жиналғандар тәжірибе алмасып, емдеу әдістерін ортаға салды.

ОСКАР ПАЛОМАРЕС, «ЕУРОПАЛЫҚ АЛЛЕРГОЛОГИЯ ЖӘНЕ КЛИНИКАЛЫҚ ИММУНОЛОГИЯ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ» ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ, ПРОФЕССОР:

Бұл мәселенің өзектілігі әлемде аллергиялық дерттердің тоқтаусыз өсіп жатқандығында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы демікпені балалар арасындағы ең жиі кездесетін созылмалы ауру деп дабыл қағуда. Тек 2023 жылдың өзінде бұл дерт 363 миллион адамды әлекке салып, 442 мың жанның өмірін қиды. Ал халықаралық деректер бойынша жер шары халқының 30 пайызы аллергиялық ринитпен ауырса, 40 пайызға жуығының аллергендерге сезімталдығы жоғары. Дәл осы сандар медицинада заманауи диагностика мен әр науқасқа жеке емдеу тәсілін енгізуді талап етіп отыр.

Жусаннан болатын аллергияға отандық мамандар тосқауыл қоймақ. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен алматылық дәрігерлер «ПоленВакс» препаратын ойлап тапты. Вакцинаның алғашқы клиникалық сынағына 30 ерікті қатысыпты. Нәтиже жаман емес дейді халықаралық вакцинология орталығының директоры. Дегенмен оның қауіпсіздігін қуаттап, тиімділігіне көз жеткізу үшін тағы да тексеріп көрмек.

ҚАЙСАР ТАБЫНОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВАКЦИНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ендігі мақсатымыз – екінші кезең клиникалық зерттеуге 138 пациентті тарту. Бұл да 3 топтан құрылады. Әрқайсысында 46 адам болады. Біреуі плацеба қабылдайды, ол – пустая вакцина. Қалған екі тобы иммунотерапия қабылдайды, яғни ем қабылдайды, вакцинамен. Жалпы біздің зерттеулердің нәтижесін қараша-желтоқсан айларында тәмамдап, есебін жасайтын боламыз.

Алматылық дәрігерлердің еңбегі тәжірибеге енсе, халықаралық қауымдастықта үлкен сенсация болайын деп тұр. Өйткені қолданыстағы емдеу әдістемесі он жылға дейін созылса, бұл вакцина 3-4 аптаның ішінде иммунитет қалыптастыруы мүмкін, дейді Қайсар Табынов.

Ғалымдардың бұл жаңалығы болашақтың еншісінде болса, дәл қазір ауыр дертпен алысып жүрген науқастар үшін мемлекет тарапынан нақты көмек басталып кетті. Биылдан бастап елімізде ең күрделі демікпесі бар азаматтарға заманауи медицинаның соңғы үлгісі қолжетімді болмақ.

ЕЛЕНА КОВЗЕЛЬ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ШТАТТАН ТЫС БАС МАМАНЫ, ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕЛІ АЛЛЕРГОЛОГ-ИММУНОЛОГ:

Биыл мемлекетіміз ауыр аллергиялық аурулары және ауыр бронх демікпесі бар пациенттерімізге биологиялық терапия алуға бірегей мүмкіндік беріп отыр. Бұл емге тіпті әлемнің көптеген дамыған елдерінде әлі күнге дейін қолжетімділік жоқ. Биыл алғаш рет біздің науқастар осындай қымбат биологиялық препараттармен толықтай тегін қамтамасыз етіледі. Бұл – еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін өте үлкен жетістік.

Әзірге медицина бұл дерттен құлан таза айығып кетуге кепілдік бере алмайды. Дегенмен, отандық ғалымдардың тың ізденістері мен заманауи емдеу тәсілдері мыңдаған жанның еркін тыныс алуына жол ашпақ. Ең бастысы – алқымнан алған дертке тосқауыл қоймайынша, емді жарты жолда қалдырмау маңызды дейді мамандар. Өйткені әрбір адамның өмірдің жұпар иісін еркін сезінуге хақы бар.

← Барлық жаңалықтар