Мазмұнға өту
· 20 қаралым

LRT жол ортасында неге тоқтап қалды?

Іске қосылғанына екі күн болған LRT жол ортасында тоқтап қалды. Жолаушыларға лық толы пойыз бір орында шамамен 20 минуттай қозғалыссыз тұрған. Әлеуметтік желіде тараған видеода пойыздың бұрылыста тұрып қалып, жолаушыларды әуре-сарсаңға салғаны қызу талқыланды. Сөйтсек, LRT желісінде ешқандай кінәрат болмапты, бәрін бүлдірген жолаушылар екен. CTS компаниясының мәліметінше, кейбір адамдар станциядағы шұғыл тоқтату батырмасын себепсіз басып, вагон ішіндегі апаттық тетіктерді іске қосқан. Сондай-ақ, транспорттың есіктерін іштен өз бетінше ашуға тырысып, олардың жабылуына әдейі кедергі келтірген көрінеді.

«CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫ:

LRT жүйесі толық автоматтандырылған. Сондықтан мұндай әрекеттердің бәрі қауіпсіздікке төнген ықтимал қатер ретінде қабылданады. Соның салдарынан пойыз тоқтап, диспетчерлік орталық қосымша тексеріс жүргізеді. Жолаушылардан LRT пайдалану ережелерін сақтауды сұраймыз. Ереже бұзғандардың барлығы станциялар мен вагон ішіне орнатылған бейнебақылау камералары арқылы анықталады.

← Барлық жаңалықтар