Мазмұнға өту
· 17 қаралым

LRT-ны бұзып, ішкен-жегендерін вагонға тастап кеткен

Іске қосылғанына небәрі екі күн болған LRT пойызы кеше жол ортасында тоқтап қалып, масқара болды. Жолаушыларға лық толы пойыз бір орында 20 минуттай қозғалыссыз тұрған. Кінә техникада емес, мұны жұрттың өзі қолдан істепті. Жолаушылар вагон ішіндегі не болса соны басып, әбден бүлдірген. Техникалық ақаудан бөлек, бұқара ішіп-жегендерін ішке тастап кеткен. Бір күнде бірнеше қап қалдық шыққан. Еденге жабысқан сағыздың санында шек жоқ.

Әлеуметтік желіде тараған видеода пойыздың бұрылыста тұрып қалып, жолаушыларды әуре-сарсаңға салғаны қызу талқыланды. Сөйтсек, LRT желісінде ешқандай кінәрат болмапты, бәрін бүлдірген жолаушылар екен. CTS компаниясының мәліметінше, кейбір адамдар станциядағы шұғыл тоқтату батырмасын себепсіз басып, вагон ішіндегі апаттық тетіктерді іске қосқан. Сондай-ақ, транспорттың есіктерін іштен өз бетінше ашуға тырысып, олардың жабылуына әдейі кедергі келтірген көрінеді.

АСЫЛБЕК ДҮЙСЕБАЕВ, «CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырғымыз келеді: аса қажеттілік туындамаса, платформалар мен вагондардағы апаттық түймелерді баспауды, пойыз есіктерін өз бетінше ашпауды және олардың жабылуына кедергі жасамауды сұраймыз. Себебі LRT жүйесі толық автоматтандырылған және машинистсіз басқарылатынын білесіздер.

Сарыла күткен пойызымызға осылайша алғашқы күндерден-ақ зиян келтіріп үлгердік. Оның игілігін көрудің орнына, қарапайым мәдениет пен қауіпсіздік ережелерін ескермей, қоғамдық мүлікке бей-жай қарауымыз өкінішті-ақ. Бұл небәрі екі күн ішіндегі бейберекетсіздік. Жүрдек пойыз сенбі күні түстен кейін ғана пайдалануға беріліп еді. Сол сәттен бастап жұрт жаңа көлікке жаппай ағылып, әрлі-берлі қыдырып үлгерді.

АСЫЛБЕК ДҮЙСЕБАЕВ, «CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Пойыз іске қосылған сәттен бастап жолаушылар ағыны 180 мың адамға жетті. Тек кешегі күннің өзінде LRT қызметін 100 мың жолаушы пайдаланды. Бұл жобалық өткізу қабілетінен асып түседі. Қазіргі уақытта жолаушылар ағыны екі есеге азайды.

Пойызды басқаратын адам жоқ, бәрі автоматты түрде жүргізіледі. Бірақ тізгінде машинист болмағанымен, вагондардың іші иесіз қалады деген сөз емес. Іште жолаушылардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қадағалайтын арнайы операторлар міндетті түрде бірге жүреді екен.

ТИМУР АБДИМОМЫНОВ, СТАНЦИЯ БАСТЫҒЫ:

Ешқандай жағдайда есікке сүйенуге болмайды, өйткені біздің LRT пойыздарының есіктері толықтай автоматты түрде жұмыс істейді. Кеше орын алған қарбалас кезінде бір жолаушының терезені қиратуға әрекеттенгені анықталды. Осы ретте ата-аналардан балаларына барынша сақ болып, оларды қараусыз қалдырмауды өтінеміз. Сондай-ақ, барша жолаушыларды қоғамдық орында қарапайым мәдениетті сақтап, ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақырамыз.

Барлығы дайын, барлығы дұрыс. Тек жұртты мазалаған бір сұрақ бар. Маңайдағы «тұрғын үйлердің құны шарықтап, нарықтағы бағаны одан әрі аспандатып жібермей ме?» деген сауал туындайды. Компания басшысының айтуынша, халықаралық тәжірибеде мұндай ірі инфрақұрылым салынған аймақтарда жылжымайтын мүлік бағасының өсуі қалыпты жағдай. Дегенмен, талай баспананың қыр-сырын білетін сарапшының сөзінше, көлік желісіне дәл қарама-қарсы, яғни бірінші қатарда тұрған тұрғын үйлердің бағасы керісінше құлдырауы мүмкін екен.

АҚСҰЛТАН НАҚЫПОВ, РИЕЛТОР:

Терезені ашқан кезде әлбетте дауысы шығып жатыр. Өйткені күндізгі уақытта терезені ашып қойып, демалатын уақыттарда дауысы шығады екен. Әлбетте, ол алдағы уақытта бағасы тұрып жатқан адамға зиянын тигізеді. Көліктердің дауысымен LRT дауысы бірдей болғанымен, тұспа-тұс тұрған 5-6-7-қабаттағы пәтерлер онша қатты сұраныста болмайды.

Бұл желі тек баспана нарығына емес, көші-қон мен көлік саны артқан шаһар тынысына да әсер етпек. Бастапқыда LRT кептелісті азайтады деген үміт болғанымен, оның алғашқы кезеңі мәселені түбегейлі шеше алмайды екен. Тек болашақта желі кеңейіп, бас шаһарды толық қамтитын инфрақұрылым құрылғанда ғана байқаймыз.

БЕКЗАТ ӘДІЛОВ, СӘУЛЕТШІ:

Қаланың басқа жағына бару үшін бәрібір такси немесе қоғамдық көлікке отыру керек болады. Соны есепке алғанда, бұл қатты кептелісті жеңілдетеді деп ойламаймын. Егер төрт кезеңі де салынып, жақсы жұмыс істеп жатса, сол кезде 30-40 пайызға кептелісті азайтуы мүмкін.

Алып жобаның тек бірінші кезеңіне қазынадан 1,8 миллиард АҚШ доллары жұмсалғанын еске салайын. Халықаралық әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалын жалғайтын LRT пойызы таңғы алтыдан кешкі 11-ге дейін ары-бері жүйіткиді. Әр құрам 4 вагонымен бір мезетте 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға қауқары жетеді. Айта кетерлігі, елордалық оқушылар мен жеңілдігі бар азаматтар үшін жол жүру тегін, тек арнайы картаңыз болса болғаны.

← Барлық жаңалықтар