Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Қайын жұртын қынадай қырған күдіктіге қатысты сот басталды

Әйелімді тартып алып, балаларыммен бопсалады. Бүгін Атырауда қайын жұртын қынадай қырған күдіктіге қатысты сот басталды. Судьяның алдында сөз алған қаскөй қанды қылмысқа не үшін барғанын жайып салды. Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы тұтас елді дүрліктірген жайттың жай-жапсарын баяндады.

Бүтін бір отбасының ойранын шығарған қаскөй бүгін еңсесін еденнен екі елі көтере алған жоқ. Сот залында да мемлекеттік айыптаушы сөзін бастағаннан-ақ құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Күдікті алдымен қаладағы қайын ағасын өлтіріп, ауылдағы ата-енесіне қонаққа барыпты. Сол кездегі жанжалдың соңы енесін жер жастандырумен аяқталған. Одан соң қайын атасын да аямапты.

МИРАС БАУЫРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА АҒА ПРОКУРОРЫ:

Сарайдың кіреберіс бөлмесіне шығып, сарайға кіріп келе жатқан Қарабалинді сол жерде күтіп алып, қолында болған ас үй пышағымен соңғысының денесінің кеудесінен, арқасынан және қолдарынан бірнеше бағыттап ауыр соққылар жасаған. Соққы салдарынан Қарабалин еденге құлап, оқиға орнында тілге келместен қаза болған.

Марқұмдардың денесін сарайда жерлеп, тігісін жатқызған соң қалаға қайта келіпті. Сөйтіп, тамақтың жоқтығын айтып жекіген қайын апасын о дүниеге аттандырған. Ол аздай өмірден өткендердің атына несие рәсімдеп, қорадағы соңғы саулығына дейін сатып жіберіпті. Ал жәбірленушілердің туыстары қандықол күйеу баланың қанпезерлігін әлі де түсіне алар емес.

ӘДЕМІ МҰҚАНҒАЛИЕВА, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Білмеймін не үшін қанпезер болғанын… Құда жақтарыңыз сіздерге хабарласып, келді ме кешірім сұрап? Ешқандай біреуі де хабарласқан жоқ. Бұған дейін қалай араласатын едіңіздер? Бұған дейін де ондай көп араластығымыз болған жоқ.

Ал Сәрсемалиев соттың алғашқы күнінде қайын жұртын қаралай сөйледі. Ата-енесі бес баласын әкесінен бөліп, әйелі солардың сөзіне көніп, шаңырағы шайқалыпты. Ақыры отбасымен ажырастыруға жасаған қысастығына қасақана қастандықпен жауап берген.

СҰЛТАН СӘРСЕМАЛИЕВ, СОТТАЛУШЫ:

Осы қылмыстың барлығы сол, әйелімді менен тартып алып, бес баламды саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ деп, өз баламмен өзімді бопсалап осындай қылмысқа итермеледі және де өте адам төзгісіз ар-намысыма тиді. Сондықтан мен сол уақытқа дейін отбасымды толықтай сақтап қалуға әрекеттер жасадым.

Күйе жаға айтылған сөздің астарында күйікті сыр жатары да белгілі. Қалай десек те, 4 адамды жер жастандырған күдіктіге судья жеңілдік бермек емес.

ЗАРЕМА ХАМИДУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен сотталушы Сәрсемалиевке аса ауыр санаттағы айып тағылып, сотқа берілген. Аталған қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының соттылығына жатады. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға әкеп соқтыратын мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталушыға айыптау актісінің көшірмесі табыс етілген, қолхат іске тіркелген. Жәбірленушіге айыптау актісі көшірмесін табыс ету мемлекеттік айыптаушыға жүктелді.

Төрт адамды шімірікпестен өлтіріп, шетелге қашып кеткен күдікті жазадан жалтармайтынын жеткізді. Ал соттың келесі отырысы 28 мамырға жоспарланған.

← Барлық жаңалықтар