Мазмұнға өту
· 17 қаралым

Бір мезетте 3 нысан өртеніп кетті

Елорда аспанын қою түтін торлады. Сарыарқа ауданында өрт болып, тілсіз жау бір мезетте үш бірдей нысанды, дәлірек айтсақ, екі қабатты ғимаратты, зәулім коттедж бен қора-қопсыны шарпыды. Қызыл жалын қас пен көздің арасында екі мың шаршы метрдей аумаққа жайылған. Төтенше жағдай қызметкерлері жалындаған өртпен екі сағатқа жуық арпалысқан. Тұрғын үйлердің күрделі құрылымы оны ауыздықтауды қиындата түскен. Сәтін салғанда, апаттан ешкім зардап шеккен жоқ.

САЯТ ҚАЖЫМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АПАТТАН ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Қазіргі уақытта өрт толықтай жойылды. Оқиға орнында құрылымдарды бөлшектеу және су себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қайта тұтанудың алдын алу үшін ғимарат бөліктерін ашып, бұзып, күйік шалған орындарға қайтадан су құйып жатырмыз.

Өртті сөндіруге 15 арнайы техника мен 60-қа жуық құтқарушы жұмылдырылған. Тілсіз жаудың қай нысаннан басталғаны әзірге белгісіз. Мамандар тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

← Барлық жаңалықтар