Мазмұнға өту
· 25 қаралым

Бұл Құрбан айт бұрынғыдан өзгерек

Бұл Құрбан айт бұрынғыдан өзгерек. Барша мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті мереке биыл ұлттық нақышта атап өтіледі екен. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сол күні мешіт аулаларында киіз үй тігіліп, республика бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады деді. Сол себепті діни басқарма Айт күні тұрғындарға ұлттық киім киіп, мейрамды салт-дәстүрге сай атап өтуге шақырды. Бұдан бөлек, мүфтияттағылар құрбан шалудың талаптарын да бір еске салды.

САНСЫЗБАЙ ШОҚАНОВ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Айт намазы оқылғаннан кейін 1-2-3 күні шам намазына жақындаған уақытқа дейін шалса болады. Түнде де шалса болады, бірақ мәкруһ болады дейді. Күндіз уақытта шалғаны жөн болады. Қой шалған құрбандығыңызды сүннет бойынша 3-ке бөлгеніңіз жөн. Бір бөлігін өзің, бір бөлігін туған-туысыңмен жеп, бір бөлігін жетім-жесірге таратқан құп болады.

Діни басқарманың дерегінше, малдың жасы шариғат талаптарына сай болуы қажет. Қой мен ешкі бір жастан асқан, сиыр екі жасқа толған, ал түйе бес жаста болуы керек. Осы орайда, мүфтият кәсіпкерлерге мереке күні мал құнын қымбаттатпай, халықтың жағдайын ескеруге шақырды. Еске салайын, биыл Құрбан айт мерекесі 2026 жылғы 27 мамырда басталады. Ол күн барша қазақстандық үшін ресми демалыс болып бекітілген.

← Барлық жаңалықтар