Мектептерде соңғы қоңырау соғылатын сәт жақындап қалды. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігі дабыл қаға бастады. Бұл әсіресе 11-сыныпты бітіргелі отырған ұл-қыздар мен олардың ата-аналарына қатысты. Яғни, мектеп бітіру кеші сынды салтанатты іс-шараларды білім ордасынан тыс жерде, мәселен мейрамханалар мен кафелерде, банкет залдарында, демалыс орындарында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынды. Тіпті, мерекелік кештер үшін ақша жинауға да, қымбат сыйлықтар сыйлауға да рұқсат жоқ. Министрлік мұның бәрі балалардың қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім екенін атап өтті. Ал депутат Асхат Аймағамбетов ас-та-төк жиынсыз да соңғы қоңырауды өткізуге болатынын айтты.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Ресторандарды жалдап, қымбат лимузиндерді жалдап, жол апаттары болып жатыр. Басқа да мәселелерге көңіл бөлмеуімізге болмайды. Соңғы қоңыраудан кейін өмір тоқтап қалатын сияқты. Менің ойымша, біз үнемділікке, бұны рационал түрде қабылдауымыз керек. Мектеп қабырғасында олар, әрине, соңғы қоңырауын өткізеді. Мектеп вальсін билейді. Мұғалімдерге әдемі сөзін айтады. Оның бәрі өтеді. Оны ешкім жоққа шығарып отырған жоқ.
Айта кетейін, биыл елімізде 4 миллиондай оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның ішінде екі жүз он бес мыңға жуығы – түлектер.