Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Айыппұл кешіріледі, базадан өшіріледі

Айыппұл қарыз, өтеу парыз. Дегенмен шалыс басып, борышқа батып, қайтарайын десе, қалтасы көтермей жүргендердің айы оңынан туатын болды. Жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты кейбір қылмыстық және әкімшілік істерге рақымшылық жасалмақ. Мәжіліс тиісті заң жобасын қарап жатыр. Депутат Снежанна Имашеваның сөзінше, жеңілдік амнистия басталған сәтке дейін төленбеген айыппұлдарға ғана қолданылады.

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Рақымшылық аясында зиян келтіруге әкеліп соқпаған не оны толық өтеген ауырлығы аз немесе орташа қылмыстық терісқылықтар мен қылмыстар бойынша жауапкершіліктен босату, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша толық өтелген жағдайда мерзімдерді қысқарту ұсынылады. Әкімшілік рақымшылық Қазақстан азаматтары болып саналатын жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар мен қандастарды заң қабылданғанға дейін орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босатады.

Осылайша, азаматтардың бірнеше миллиард теңге көлеміндегі айыппұлдары есептен шығарылады, деді депутат. Өтемақының шамамен 90 пайызы Ішкі істер министрлігіне тиесілі болса, олардың көпшілігі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған екен. Снежанна Имашева адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқықбұзушылықтар рақымшылыққа ілікпейтінін еске салды. Атап айтқанда, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жылдамдықты асыру және мас күйінде көлік жүргізу сияқты өрескел заңбұзушылықтар кешірілмейді.

← Барлық жаңалықтар