Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Танымал блогер операция кезінде көз жұмды

Операция үстелінде ажал құшты. Алматыда блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан пластикалық ота жасайтын жеке клиникада көз жұмды. Қызының сөзінше, қайғылы оқиға 15 мамыр күні болған. Дәрігерлер оның қайтыс болғанын жақындарына бірден хабарламапты. Соған қарамастан, мекеме әлі де клиенттер қабылдап жатқан көрінеді. Марқұм липосакция, яғни денесіндегі артық майды алдыру үшін пышаққа түсіпті.

Анамыз қайтыс болған клиника әлі күнге дейін клиенттерді операцияға жазып жатыр. 2026 жылдың 15 мамырында анамыз Сәуле Ермаханова Smart Beauty Clinic-те қайтыс болды. Жергілікті анестезия арқылы бір жарым сағатқа созылуға тиіс жоспарлы липосакция операциясы отбасымызға қайғыға алып келді. Анамыздың өмірден өткенін жанында болған туысымызға тек кешкі сағат 18:00-де ғана хабарлаған. Ал жедел жәрдем 19:00-де келген. Үш сағат. Үш сағат ол жабық есіктің артында жатқан. Біз оны білген жоқпыз. Әлі күнге басы ашық сұрақтар көп. Дәрігерлер анамыздың қайтыс болғанын бірден хабарламады. Осынша уақыт олардың не істегенін білгіміз келеді.

Блогердің өліміне әзірге нақты не себеп болғаны белгісіз. Полиция тергеу жұмысын бастады.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

15 мамыр күні Алматы қаласының 53 жастағы тұрғыны жекеменшік клиникалардың бірінде көз жұмды. Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады.

← Барлық жаңалықтар