Алматыда атақты блогер пластикалық хирургия клиникасында көз жұмды. Өз аяғымен сап-сау бір липосакция процедурасына барған Сәуле Ермаханованың туғандары мәйітін алып шыққандарын айтады. Тағы бес сағат бойы өлімін жасырып, отбасына хабар да бермеген.
Сәуле Ермаханова денесіндегі артық майдан арыламын деп жекеменшік клиникаға 15 мамыр күні өз аяғымен сап-сау күйде барған. Жақындарына хабарламапты да, тек бір жарым сағаттық процедурадан соң әріптестеріне тіке жұмысқа келетінін айтқан. Бірақ операцияға сағат төрттер шамасында кірген келіншек аман шықпаған. Жақындары дәрігерлер бес сағат бойы өлімін жасырып, тіпті жедел жәрдемді де тым кеш шақырған дейді.
БОЛАТХАН ЕРМАХАНОВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:
Бір жарым сағатта шығады деген, сағат бес жарымда шықпаған. Сосын врачтар жүгіре бастады дейді. Не болды деп сұрағанымда ештеңе маған айтпайды дейді. Кіріп-шығып жүрген. Одан кейін 6-7-лерге таяу скорый келіп, скорый ештеңе жасай алмай кетіп қалған. Моргтағы врачтардан сұрағанымда местный врачтар тірілтіп аламыз деп пытаться еткен, ізі қалған.
Танымал блогердің өзі тіс клиникасын ұстаған кәсіпкер. Әлеуметтік желіде де белсенді. Миллионнан аса оқырманына салауатты өмір салтын насихаттаған. Жақындары бұл оның алғашқы липосакция процедурасы дейді. Ұзақ уақыт дайындалып, тіпті түрлі қан талдауларына дейін тапсырған. Енді қай кезде жүрек қағысы тоқтағанын, нендей жағдай болғанын білгісі келеді.
ӘЛДИЯ ӨСЕНБЕКОВА, МАРҚҰМНЫҢ КЕЛІНІ:
Барлық қан талдауларын тапсырды. Егер күмәнді дүние болса, дәрігерлер отаға қабылдамас еді деп ойлаймын. Бізге жабық есік артында не болғаны белгісіз. Клиника қай кезде жүрегі тоқтағанын да айтпай отыр. Біздің анамыз алкогольді ішімдіктер ішпеген, спортпен шұғылданатын. Өзін қатты күткен адам еді. Түріне қарап ешкім 53 жасты да бермейді.
Ал жекеменшік клиника анау-мынау емес, өте қымбат әрі мегаполисте аты дүркіреген мекеме. Мүлдем пациенті үзілмейтін, түрлі пластикалық қызмет көрсетеді. Бірақ марқұмның жақындарына көңіл айтуға да жарамапты. Тек бір ауыз дәрігерлік құпия деумен ғана шектеліп отыр.
SMART BEAUTY CLINIC, ЖЕКЕМЕНШІК КЛИНИКАСЫНЫҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫ:
Қазіргі уақытта болған жағдайға байланысты заңнамада қарастырылған процедуралар жүргізіліп жатыр. Дәрігерлік құпияны сақтау қажеттілігіне, пациенттің отбасына деген құрметке, сондай-ақ жүргізіліп жатқан шаралардың объективтілігіне байланысты клиника ресми тексеріс аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық егжей-тегжейіне қатысты көпшілік алдында түсініктеме беруді жөн санамайды.
Дене бітімін түзетуге барған блогердің артында қос ұлы мен қос немересі қалды. Жақындары әлі де өмірден озғанына сене алар емес. Полицияға арыз жазып, Денсаулық сақтау министрлігіне де хат жолдаған.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
15 мамыр күні Алматы қаласының 53 жастағы тұрғыны жекеменшік клиникалардың бірінде көз жұмды. Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады.
ГҮЛНӘЗИЯ МЕЙІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Жарнамасы жер жарған, Алматының қақ ортасында орналасқан клиниканың есігі бүгін құлыптаулы. Жалға берушілер үш күн бұрын жұмысын тоқтатты дейді. Бірақ марқұмның туыстары ішіндегі мамандар әлі де отаға пациенттерді онлайн жазып жатыр деп өкпелі. Ал Денсаулық сақтау министрлігі Сәуле Ермаханованың өлімінен соң ғана барлық косметологиялық клиникаларға мониторинг жүргізетінін мәлімдеді. Олардың лицензиясы бар-жоғын және дәрігерлердің біліктілігін тексермек.