Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Жұрт аэротаксиге қашан мінеді?

Жұрт аңсап, қиялдап жүрген аэротакси 2027 жылы қолданысқа беріліп қалуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары мәлімдеді. Қанат Бозымбаевтың сөзінше, инфрақұрылым дайын болғанымен, ұшатын таксилер жолаушыларды бірден тасымалдай алмайды. Алдымен техникалық қауқарын жіті тексеріп, сынақтан өткізіп алу қажет. Ал бағасына келсек, жауаптылар әлемдік тәжірибелерді зерттеп жатыр екен. Айта кетейік, әуе таксиі жуырда ғана Алатау қаласында таныстырылған еді.

ӘЛІШЕР ӘБДІҚАДЫРОВ, «ALATAU CITY AUTHORITY» МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Әлемдік тәжірибе бойынша, қазір аэротаксилерге 5-9 адам отырады. Сонымен қатар, 1 шақырым қашықтыққа орта есеппен 1 доллар төленеді. Бізде де шамамен солай болады. Бүгінде таксилердің де эконом, комфорт, комфорт плюс тәрізді деңгейлері бар. Ал аэротаксидің жол ақысы таксидің ең жоғары класындағы бағамен сәйкес келеді. Өйткені оның артықшылықтары бар екені түсінікті. Баратын жерге кептелісте тұрмай, тез жеткізеді.

Тағы бір жаңалық: мамандар келешекте Алматы, Алатау және Қонаев қалаларын ЛРТ салып, байланыстырмақ.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алатау халқының саны қазір ресми түрде 50 мыңнан сәл ғана асады. Ол жаққа әзірге метро салудың қисыны жоқ. Қазір бұл LRT, пойыз және тағы басқалары болуын қарастырып жатырмыз. Әлемдік мамандармен жұмыс істеп жатырмыз. Ең оңтайлы, ең арзан, әрі тиімді шешімді іздейміз.

Ал мемлекет айрықша көңіл бөліп отырған Алатау қаласының бюджеті 13 млрд теңгеге жуық. Қанат Бозымбаевтың сөзінше, шаһардың арнайы мәртебесі туралы заң күшіне енген соң, мұнда қос бағытты бюджет жүйесі іске қосылады екен. Яғни әкімдік пен мәслихаттың бақылауындағы әлеуметтік шығындар, сосын шаһардың инфрақұрылымын тікелей қолға алатын бағыт.

← Барлық жаңалықтар