Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Мақпал Жүнісова марапатталды

Небәрі 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 31-інде Қазақстанның халық әртісі атанған Мақпал Жүнісова араға аттай 30 жыл салып жоғары марапатқа ие болды. Қазақтың ерке қызына Қасым-Жомарт Тоқаев II дәрежелі «Барыс» орденін салтанатты түрде табыстады. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Мемлекет басшысы мәдениеттің алтын діңгегіндей болған өзге де майталмандарды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Төл өнер мен рухани болмысты сақтаушылардың еңбегі ешқашан ескерусіз қалмақ емес. Бүгін елімізде осы бағытта тер төгіп жүрген жандардың мерейлі мерекесі. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Президент сала қызметкерлеріне жасалатын жағдай мен қолдау еселеп артатынын жеткізді. Мәселен, биылдан бастап мәдениет майталмандарына берілетін мемлекеттік стипендия көлемі 2 есе өседі. Сондай-ақ бірқатар өнер ұжымдарына ұлттық мәртебе берілмек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияға ұлттық мәртебе берілсе орынды болар еді. Сондай-ақ С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ драма театрына академиялық мәртебе беру керек деп есептеймін. Аталған өнер ұжымдары тұтас еліміздің рухани мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Енді ұлттың үні мен жаны болған жыр, терме, күй өнерінің өрісі кеңейе түседі. Осы орайда дәстүрлі өркениеттің теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдары қолдауға лайықты. Мемлекет басшысы бұл мақсатта «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді. Осы жоғары дәрежелі сыйлықпен тиісті министрліктің ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен лайықты өнер және мәдениет қайраткерлері марапатталады. Жалпы мәдениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекеттің назарында болады.

Озық ойлы ұлт болудың төте жолы телефонға телміретін емес, кітап оқитын ұрпаққа байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, парасаттылықтың өлшемі осыдан басталады. Сондықтан зияткерлік мәдениет қалыптастыру да маңызды міндет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі, «Жылдың он оқырманы» республикалық жобасы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады. Басқа да тың бастамалар жүзеге асырылады.

Салтанатты жиында саланың сақа саңлақтары сый-құрметке бөленді. Солардың бірі — Қазақстанның халық әртісі, жезтаңдай әнші Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Барыс» ордені тапсырылса, Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Ганцева III дәрежелі «Барыс» орденін кеудесіне тақты. Сондай-ақ қуыс шанақтың құдіретін танытқан әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистроваға ең жоғары «Отан» ордені берілді.

ТАТЬЯНА БУРМИСТРОВА, ӘНШІ, «ОТАН» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ:

Өнер халықтың рухы ғой. Қазақтың домбырасы күмбірлеп тұрып, әні әуелеп тұрған кезде еліміздің рухы жасай береді. Одан кейін сіздің «Асыл мұра» деген жаңа сыйлықты жыршыларға, термешілерге беріледі дегеніңізге бұл енді біз үшін сүйінші хабар. Дәстүрлі әншілерге әсіресе, солардың көптен өздерінің керемет бір марапаты болады.

Мемлекет басшысының марапаты мұнымен біткен жоқ. Кәсіби мереке күні Бақтияр Қожа бастаған бірқатар өнер қайраткері «Қазақстанның халық әртісі» атанды. Ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген қызметкерлер де қалтарыста қалмады. Осындай 200 адамға баспаналы болу бақыты бұйырды.

← Барлық жаңалықтар