Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Мектеп-интернаттағы дау

Түркістан облысының білім саласында тағы да айқай-шу. Бұл жолы мектеп-интернатты әскери училищеге бермейміз деген ата-аналар мен мұғалімдер бас көтерді. Айтуларынша, жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан білім ордасын жауаптылар «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген сыңаймен алып қоямақшы деп ашулы.

Саттар Ерубаев атындағы мектеп-интернаттың 60 жылдан асқан тарихы бар. Әу баста, жатақханасымен бірге ашылған білім ордасы осы уақытқа дейін тапжылмай жұмыс істеп келіпті. Әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан және ата-аналары құмда мал бағатындардың ұл-қыздары жатып оқиды. Десе де, жақында мектепті әскери училищеге алып қояды дегенді естігеннен бері мазалары қашыпты. Ұл-қыздарыңды басқа білім мекемелеріне ауыстырамыз дегенге мүлдем келіспейді. Себебі күндіз-түні бала-шағасына нәпақа табу қамымен жүргендер олардың қауіпсіздігіне алаңдайды.

МАДИНА СЕРІКҚЫЗЫ, АТА-АНА:

Мен өзім малды ауылда болғандықтан, оларды осы жерге әкеп тастап, осы жерде жатақханада тәрбиешілер бар. Уақтылы тамағы-шайы, киімі, білімі қадағаланады бұл жерде. «Сіздер барынша балдарыңыздан құтылғыңыз келіп жатыр. Ал егер балдарыңызға олай қарай алмасаңыздар, интернатқа бергілеріңіз келіп жатса, балдарыңыздан бас тартыңыздар» деді. — Оны кім айтты? — Бізде білім басқармасы, гороно дейді ғой. Сол жерде істейтін кісі.

Дәл қазір бұл мектеп-интернатта 350-ге жуық оқушы оқиды. Енді бәрі жан-жаққа сандалып кетейін деп тұр дейді ата-аналар. Әскери училищеге мүлдем қарсылығымыз жоқ дегендер, басқа жақтан салынсын дейді. Бүтінді бөлшектеу қажет емес деп базыналарын айтып келгендерді мектеп басшылығы ішке кіргізбей, далада 3-4 сағаттап күттірген.

ГҮЛЗИРА ДІЛДӘБЕКОВА, АТА-АНА:

Тартып алу оңайлау болып тұр. Біз не үшін жүгіріп жатырмыз? Ана жаққа, мына жаққа жазып. Бізді ешқайсысы құлаққа асып жатқан жоқ қой, негізінде. Конечно, бәріміз қарсымыз. Бәріміз қарсымыз!

Ата-аналармен қатар, мұғалімдер де жыларман күйде. Себебі басшылық оларға да қатырып ешнәрсе түсіндірмепті. Оның үстіне жатақханадағы тәрбиешілер мүлдем жұмыссыз қалуы мүмкін. Өйткені бұл мектеп-интернат облыс орталығындағы жалғыз жатып оқитын орын деп отыр.

АҚМАРАЛ БАЙҒАЗИЕВА, МҰҒАЛІМ:

Қай жаққа барамыз? Қай жерде жұмыс істейміз? Өзіміз әлі шеше алмай отыр. Жоғарыдағылар шеше алмаған нәрсені біз қайдан шешеміз? Қазір үйге барамыз. Балаға да көңіл бөле алмаймыз, ауқатымызды да істеп іше алмаймыз. Бар қайғы-мұңымыз — ертеңгі кредитімізді қалай төлеу? Қай жаққа барып жұмыс істеу сентябрьде. Ойымыз сан жақта.

Әр басшыға жалтақтаған мұғалімдер мен ата-аналар білім ордасын сақтап қалу үшін прокурордан бастап, Оқу-ағарту министрлігіне дейін арызданыпты. Алайда жазған хаттары айналып келіп, білім бөліміне бір-ақ жеткен. Шағымдарынан шығып жатқан нәтиже де көрмепті.

ҚАРАКӨЗ ТӘЖІБАЕВА, КӘСІПОДАҚ ТӨРАЙЫМЫ:

Бұлардың 2-3 сөйлегеніне мен күмәнданып қалдым. Басында айтты: тек бастауыш қана ауысады, сіздер қаласыздар деді 80 пайызы. Онда келісімді, сұранысты бастауыш мұғалімдер жазсын ба деген едім. Жоқ, бәріңіз жазасыздар. Ей, жаңа сіз бастауыш кетеді, сіздер қаласыздар деп айттыңыздар ғой. Жоқ, сіздерді қайта шығарып, қайта қабылдаймыз деді. Қабылдау қалай болады: тест пе, конкурс па десем. Оны да айта алмаймын дейді.

Осындай айқай-шу шыққанынан кейін облыстық білім басқармасының басшысы мен орынбасарлары осы ортадан табылды. Жауаптылар келгеннен кейін ғана жиналғандарды ішке бір-ақ кіргізді. Мектеп басшылығы біресе Zoom жиналыста болдым деп, біресе қалалық білім бөлімінен сұраған соң ешкімді кіргізбедім деп әбден састы. Алайда жауаптылардың өткізген жиналысы ашулы ата-аналар мен мұғалімдерге мүлдем ұнамады. Бірден өктем дауыста басталып, білімге жауаптыларды сұрақтың астына алды.

Ал білім басқармасының басшысы жиналғандарға жарытып ешнәрсе түсіндіре алмады. Мұғалімдерді мектепке жайғастырамыз дегенмен нақты жоспары болмай шықты. Оқушылар туралы ақпараты әлі жоқ. Тек соңғы қоңыраудан кейін бұларды талқылаймыз деп құтылды.

ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Оқу-тәрбие процесі тоқтайды. Оқу жылы аяқталады, содан кейін жұмысшы тобы кірісіп, жұмыс жасайды. Сол кезде нақты шешім қабылданады. Әзірге ешнәрсе айта алмайсыз? Әзірге ештеңе айта алмаймын.

Ал мектеп-интернаты үшін жанпида деп отырған ата-аналар мен мұғалімдер облыстық жауаптылар ешнәрсе шеше алмайтын болса, жоғары жаққа барамыз дейді. Мүмкін сол жақта мұңдарына құлақ асатын біреу табылар деп отыр.

← Барлық жаңалықтар