Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Отандық 600 кәсіпорынның басы қосылды

Аяғы жоқ арулардың өзі биік өкше киіп, еңсесін тіктеп жүр. Бұл бізде шыққан протездердің арқасы. Біле білген адамға азық-түлік қана емес, киім-кешек, дәрумен, тұрмыстық химия, құрылыс заттары болсын, қай-қайсысында да отандық өнімнің сапасы өзгелердікінен көш ілгері. Тек кей-кейде көзіміз шалмай, импортты әлдеқандай қыламыз. Елордада сапасы үздік отандық кәсіпорындар бас қосып, өз өнімдерін таныстырды.

Елордада «Ұлттық өнім» көрмесі ашылды. Жәрмеңкеде 600-ден аса қазақстандық ұйым жиналып, өздерінің нәсіпті кәсібін таныстырды. Мысалы, Самат Сортов тағдырдың тәлкегіне түсіп, аяқ-қолынан айырылған жандарға протез жасаумен айналысады. Тіпті бұл бастама биік өкшелі аяқ киім кигісі келген бойжеткендердің арманын орындаған.

САМАТ СОРТОВ, «ҰЛТТЫҚ ӨНІМ» КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ:

Біз мемлекет қаржыландыратын қарапайым протездерді ғана емес, электронды, бионикалық протездерді де жасаймыз. Мысалы, адамда аяқ-қол болмаған жағдайда арнайы чиптер орнатылады: адам ой арқылы белгі береді, жүйке импульстары датчиктер арқылы оқылып, протез қозғалысқа келеді. Мәселен, әр саусақ жеке-жеке қозғала алады.

Ал енді бірі тұрмыстық химиядан аллергиясы бар кісілердің денсаулығына зиянсыз гипоаллергенді өнім шығарумен айналысып жүр.

АРАЙЛЫМ НАЗАРОВА, «ҰЛТТЫҚ ӨНІМ» КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ:

Химиялық өнімдерді шығарған кезде ішіне қосылатын шикізаттар агрессивті химия, агрессивті химиялар емес болып бөлінеді. Біз осы агрессивті емес химияларды пайдаланамыз. Экологиялық, экосертификациясынан өтетін шикізаттарды пайдаланамыз. Мысалы, кірсабын жасаған кезде негізгі акцентті біз халал сойылған малдың майынан жасаймыз.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Біздің байқағанымыз, өңірдегі өзгешелік өндірісті дамытуға серпін беріп отыр. Мысалы, мұнайлы өлке Маңғыстау облысында қара алтынды өндіруге арналған осындай құрылғылар жасап шығарылған. Ал Аралымен атақты, Сырдың сағасында өскен қызылордалықтар осындай қайықты нарыққа шығарған.

ЖАНСЕРІК НЫСАНБАЕВ, «ҰЛТТЫҚ ӨНІМ» КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ:

Бұл жерде басты себеп – Арал өңірінде, Кіші Арал теңізі тола бастағанда, балық кәсібі дами бастады. Балықшының ең басты құралы қайық болғандықтан, сұраныс өзіміздің өңірден келді. Сұранысқа байланысты өндірісті қолға алдық.

Ең бастысы – көрмеге қатысушы әр кәсіпорын халықты жұмыспен қамтып, олардың берекелі өмір сүруіне өз үлесін қосып отыр.

АЛТЫНАЙ ТӨЛЕУХАН, «ҰЛТТЫҚ ӨНІМ» КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫ:

300-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. 12 гектар көлемінде орналасқан. 20 жылдан астам уақытта жұмыс істеп келе жатыр. Бүгін «Ұлттық өнім» көрмесіне бірінші рет келіп, өнімімізді көрсетіп отырмыз. Тау өндірісінде көптеген алтын шығаратын компаниялар бар ғой. Солардың шахта астындағы мельница құрылғылары бар. Сол жердегі шикізатты шығарған кезде үлкендерін бөлек алып, сорттауға арналған.

Айта кетейін, осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған көрме отандық орта және шағын бизнесті қолдаудың тетігі болып отыр.

ФАРХАТ СӘРСЕКЕЕВ, «ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Барлық көмекті көрсетіп, былтыр 2,2 трлн теңге жобаға қолдау көрсеттік. Биылға өзіміздің жоспарымыз – үш мың жобаға 3 трлн теңгеге қолдау көрсету. Сосын көрме алаңын үлкейттік. Былтыр 5 мың болса, биыл 11 мыңға көбейттік. Қатысушылар санын екі есе көбейттік.

Сонымен, көздің жауын алатын киімді де, азық-түлікті де, құрылыс заттарын да, техниканы да, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылғыларды да осы көрмеден табасыз. Келіп көрем деушілерге есігі 24 мамырға дейін ашық.

← Барлық жаңалықтар