Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Президент атынан мәдениет және өнер қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды

Еліміздің мәдени айнасы саналатын Алматы қаласында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысының атынан 60 пәтердің кілті мен 13 мемлекеттік награда табысталды. Салтанатты рәсімге Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Оның айтуынша, мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, әсіресе баспанамен қамтамасыз ету басты назарда. Пәтер сертификаттары өткен жылы Астанада табысталса, биыл бұл бастама Алматыда жалғасты. Аида Балаева барлық мәдениет және өнер қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысына салаға тұрақты көңіл бөліп, шығармашылық қауымға қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

Арайлы Алматыда Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ел мәдениетіне еңбегі сіңген, өнердің өрісін кеңейтіп, халықтың рухани өмірін байытып жүрген азаматтарды ұлықтауға арнайы келді. «Бұл марапаттар сіздердің қажырлы еңбектеріңізге, кәсіби адалдықтарыңызға және ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлестеріңізге берілген жоғары баға» деп атап өтті.

Президенттің Жарлығына сәйкес мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және елімізге сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар қайраткерлерге «Парасат» және «Құрмет» ордендері табысталды. Бұл өнер ұжымдарының көп жылғы еңбегі мен мәдениетімізді дамытуға қосқан үлесі үшін берілген лайықты баға. Марапатталған 13 адамның ішінде әнші Мейрамбек Бесбаев та бар. Ол «Парасат» орденіне ие болды.

МЕЙРАМБЕК БЕСБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Бүгін енді Сәкентайымыз, Кенжебегіміз келмей қалды. Бірақ енді ол кісілерді де құттықтаймын! Жалпы рахмет айтамын. Біз енді ойда жоқта болды. Кеше түнде ғана естідім. Ойда жоқта алған кезде, берген кезде марапат қызық болады екен. Бірақ енді біз әлі де болса жұмыс істейміз. Бізге берген үлкен сенімдеріңізге рахмет айтамын. Аман болыңыздар.

ҚАРАКӨЗ ТІЛЕУБЕКОВА, АКТРИСА:

Өте керемет қуаныштамын. Менің бүгінгі алып отырған марапатым тек қана менікі емес, осы сіздер мен біздікі. Менің осы жанкүйерлерім, менің үйімде отырған анам, бауырларым, туған-туысқандарым, жолдастарым бәрі күтіп отыр. Бүгін осындай керемет қошемет, көңіл-күй сыйлағанға үлкен рахмет айтамын.

Сонымен қатар 60 отбасына жаңа пәтер кілттері табысталды. Олардың арасында Алматыдағы жетекші театрлардың, музыкалық топтардың, білім беру мекемелерінің, кітапхана, мұрағат, мұражай, баспа саласында қызмет ететін мамандар бар. Дамира Маханова 6 баланың анасы. Орталық мемлекеттік архивтің қызметкерінің осы уақытқа дейін өз баспанасы болмапты.

ДАМИРА МАХАНОВА, ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біздің бүгін үлкен отбасымыз үшін арманымыз орындалып жатқан күн. Осындай үлкен төрт бөлмелі пәтердің кілтін алып жатырмыз Мәдениет министрінің қолынан. Кеше ғана мәдениет қызметкерлері күні қарсаңында біздің отбасымыз үшін үлкен тосын сый болды.

Ал Ардақ Итекеева Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртісі. Өнер ұжымында 25 жылдан бері қызмет етіп келеді. Үш баласымен ата-анасының үйінде тұрып келіпті.

АРДАҚ ИТЕКЕЕВА, ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ ӘРТІСІ:

Пәтерге кіріп жатырмыз. Өте керемет екен. Әке-шешем, бала-шағам барлығы кіріп, қуанып жатыр. Іші ремонт, техниканың бәрі бар екен. Мен күткеннен де артық болып жатыр. Үлкен алғыс, үлкен рахмет! Қуаныштымын.

Қазақстанда мәдениет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Соңғы бес жылда 150-ден астам жаңа мәдениет нысаны ашылды. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жалғасуда.

← Барлық жаңалықтар