Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Токиодан үлгі аламыз

Технологиясы қарыштап, темірдей тәртіп орнаған Токиодан үйренеріміз көп. Қазақстан алдағы уақытта Жапония астанасының «Ақылды қала» бағдарламасын үлгі етпек. Мегаполис губернаторын Ақордада қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев Күншығыс елінің озық тәжірибесін игеруге мүдделі екенімізді жеткізді. Сонымен қатар Президент мәртебелі мейманды жаһандық деңгейдегі көрнекті саясаткер ретінде сипаттап, оның Жапония астанасын басқарудағы көрегендігін де жоғары бағалады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Токионың «Ақылды қала» бағдарламасымен таныстым. Бұл біздің қызығушылығымызды тудырды. Себебі елімізде де Smart City тұжырымдамасын ілгерілетіп отырмыз. Сіздің Астанаға келген сапарыңыз пайдалы боларына сенімдімін. Өйткені біз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және мегаполисті басқару тәжірибесін зерделеуге ынталымыз.

Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланыстарды нығайтуда Токио губернаторының да еңбегі ерен, деді Президент. Осылайша Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

ЮРИКО КОИКЭ, ТОКИО ГУБЕРНАТОРЫ:

Сіздің көшбасшылығыңызды, сондай-ақ экономикалық өсім, жасанды интеллект, цифрландыру және инвестиция тарту бағыттарын дамытуды көздейтін іргелі реформаларыңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан өңірдегі экономикасы ірі, ресурсы мол ел ретінде Еуропа мен Азияны жалғайтын Орталық Азиядағы басты хаб рөлін нығайтып келеді.

Кездесуде Президент пен губернатор цифрлық технологиямен қатар, инновация, халықаралық қаржы және білім беру секілді салаларда серіктестік орнатуға пейілді екенін жеткізді.

← Барлық жаңалықтар