Жаз басталса, балалардың қауіпсіздігі басты орынға шығады. Ішкі істер министрлігі биыл да ата-аналар мен заңды өкілдерге бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қадағалауды қатаң ескертті. Маусымның шуақты күнінде, шілденің шіліңгір ыстығында, тіпті тамыздың аптабында да әр қадамын көзден таса қалдырмау қажет. Әсіресе өзен-көлдерден абай болған жөн. Рұқсат етілмеген және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін су айдындарында шомылуына жол берілмейді. Тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жаза арқалайды, деп мәлімдеді министрлік. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қас қарайғанда бей-берекет жүрмеуін қадағалау керек.
БОТАКӨЗ ЖАЛЕКЕШОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Жазғы кезеңде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Бұл бастама аясында түнгі уақытта жасөспірімдердің қараусыз жүруін болдырмау жұмыстары күшейтіледі. ІІМ ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қауіпсіз әрі жауапты демалысын қамтамасыз етуге шақырды.