Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Жалдамалы көлік, жасырын схема

Адамдардан айла артылған ба?! Көлік прокатының төңірегіндегі қитұрқылық талайларды көк тиынсыз қалдырып жатыр. Темір тұлпарды жалға алғандар оны өзге біреуге сатып, өз қалтасын қампайтып, көзден бұл-бұл ұшады. Ал иесі машинасын қайтару үшін талай соттың табалдырығын тоздырады. Автомобиль саласындағы алаяқтық мұнымен бітпейді. Кейбір жымысқылар ұрланған көлікті саудаға шығарып, жұртты сергелдеңге салып қоятыны да бар. Алданып қалмаудың амалын білу үшін заңгерлерге құлақ түрген абзал.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Менің артымда тұрған көліктердің барлығы жалға берілген. Бірақ бір сәтте олар көзден ғайып болуы мүмкін. Бір қарағанда бәрі телефон арқылы бақылауда сияқты. Алайда қосымшада көрініп тұрған көлік өмірде әлдеқашан шекарадан асып кетуі мүмкін.

Көлікті жалға беріп, алаяқтарға риясыз сеніп сан соққандардың бірі Рыскүл. Пайда табу үшін емес, желкеден буған несие жанына батқасын амалсыз осындай қадамға барыпты. Соңғы рет көлігін қашықтан бақылау арқылы Қазақстан аумағынан көрген. Ал қосымшадан ізім-ғайым жоғалғанда сұрау сала бастапты. Өкініштісі сол, әккі компанияның мекерлігін кеш білген.

РЫЗГУЛЬ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Компанияның өзі хабарласып, көлікті сатып алу құқығымен жалға алған еді. Басында күнбе-күн ақшасын төлеп тұрды. Алайда айналдырған бір айдың ішінде шетелге шығарып жіберіпті. Басында жұмыспен кетті деп бой бермеді. Техниканы көрсетуді сұрағанымда тартыншақтап қашты. Кейін алданғанымды білдім. Мен секілді 40-шақты адам бар. Кейбірінің көлігін нарықтан төмен бағамен сатқан.

Қырық қаралы адамның қаржысын қарпып жоғалған компанияға қатысты қазір тергеу жүріп жатыр. Алайда басы бүтін шекарадан өткені бар, елде қалып кеткені бар, әзірге табылған көлік жоқ. Өйткені қулығына құрық бойламайтындар темір тұлпарды бөлшектеп сатып жібереді екен. Содан бері базардағы саудагерлердің де берекесі қашқан. Құзырлы орындардың тексерісі әбден титықтатыпты.

ҚАЙСАР БЕЙСЕМБАЕВ, КӨЛІК БӨЛШЕКТЕРІН САТУШЫ:

Бір жағдай болған. Құзырлы органдардың адамдары келіп, осы жерден бізге бір жігіт 5 автокөлікті алған арендаға. Және оны бөлшектеп, разборға сатқан. Сол кісіні іздеп бізге келген болатын. Осы Қазақстанда жүрген машиналарды алмаймыз сондықтан да. Тек қана шетелден келген тауарларды сатумен айналысамыз.

Ал жалға беремін деп жарға жығылмас үшін заңгерлер сенімхатқа баса назар аудару керегін айтады. Арнайы шектеулер енгізіп, GPS құрылғысын орнату маңызды. Алайда мұндай әрекеттердің өзі көлігіңіздің көзден ғайып болмасына кепілдік бермейді екен. Себебі тәртіп сақшылары үшін сенімхаттан гөрі сақтандыру полисі болса жеткілікті. Сондықтан да темір тұлпарды табыстаған адамның тарихына үңіліп, толық зерттеген абзал.

АРМАН КЕНЖЕҚҰЛОВ, ЗАҢГЕР:

Сенімхаттың ішінен сондай бір шектеулер қоясыз. Мысалға, Астана қаласында ғана жүрсін деген, шетелге шығуға, жүруге болмайды деген сияқты қылып көрсетесіз. Ең бірінші керекті «қару-жарақ» деп айтайын, былай айтқан кезде жеке тұлғаларға — осы сенімхаттың ішіндегі шектеулер. Сол шектеуді егер дұрыстап қойсаңыз, машинаңыз не шетелге шығып кетпейді, не басқа облысқа шығып кете алмайды.

Ал ұрланған көліктерге ұрынып қалмас үшін сақа мамандарға тексерту керек. Сарапшылардың айтуынша, бұл мәселе соңғы екі жылда белең алған. Әсіресе көліктердің сәйкестендіру нөмірін өзгертіп, шекарадан өткізу оңай. Содан ғой қазір еліміздегі көптеген темір тұлпардың VIN-коды ауысқан. Өйткені техниканы қайта рәсімдеу кезінде техникалық деректер назардан тыс қалып жатыр.

ӘЛІШЕР АЯРБЕКОВ, КӨЛІК САРАПШЫСЫ:

Көлікті қайта рәсімдейміз ғой. Ол Halyk Bank, Eurasian Bank, Kaspi Bank арқылы 1000 теңге төлеп қайта рәсімдей береміз. Ол екінші реттік банктермен қазіргі біздің бірыңғай база, Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің, олар синхронды бірге жұмыс жасамайды. Және де бір VIN-кодпен 4-5 автокөлік жүруі мүмкін. Сол бір өзекті мәселені шешсе.

Министрлік өкілдері де мәселенің барын мойындап отыр. Енді көлікті рәсімдеу тек банктің қызметіне емес, тәртіп сақшыларының құзыретіне кіреді. Ал көрші елдердегі көліктерді қайтаруға мүмкіндік бар. Тек екі ел арасындағы келісім кеденде кедергіге ұшырап қалмаса болғаны.

АЙБЕК БІРІКОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Банктегі несиеге алынған көліктерді шетелге шығармау мәселесін қазір қарастырып жатырмыз. Бірақ ол әлі заңды жүзінде енгізілген жоқ. Оны енді-енді қарастырып жатырмыз. Страховка арқылы шетелге шығармаймыз. Автокөліктің иесі ғана осы автокөлікпен шетелге шыға алады. Немесе бөлек нотариус арқылы кепілдік береді оған, шығуға рұқсат деген.

Министрліктің жоспары заңға айналғанша, алаяқтардың айласы талайды сан соқтыруы мүмкін дейді сарапшылар. Ал заңның зарығып жететін көмегіне сенсек, «көзден ғайып» болған көлікті қайтару мүмкін еместей көрінеді. Темірдей тәртіп орнамайынша, өз мүлкіңізге өзіңіз бекем болғаннан басқа амал жоқ.

← Барлық жаңалықтар