Мазмұнға өту
· 35 қаралым

Оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы сәтті аяқтады

Биыл оқу жылын 4 млн-ға жуық оқушы аяқтады. Оның 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлегі. Мектеп бітірушілер арасында 18 мың бала үздік аяқтап отыр. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, қазір еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Балалық шақтан болашаққа қадам басқан жастардың тебіренісі де бөлек. Бірі алтын ұясын қимай, көзіне жас алса, енді бірі үлкен өмірге қанат қаққандарына шын қуанышты.

АЛИХАН ИМАНАЛЫ, ТҮЛЕК:

Болашаққа нық қадам бастық. 11-сыныпты бітіріп жатырмыз. Армандаған оқуымызға түсу бәрімізге бұйырсын.

ЖАНИЯ СЕЙТҚҰЛ, ТҮЛЕК:

Эмоцияммен бөлісетін болсам, барлығы өте тез өтіп кеткен сияқты. Әсіресе осы 11 жыл өте тез өтті. ҰБТ-ға дайындық, барлығы ауыртпашылықпен өтіп жатыр. Бірақ соған қарамастан, мектеп бітіру — ерекше сезім екен.

Оқушыларын қимай жатқан білім ордаларының ішінде алғашқы түлектерін ұшырған мектептердегі атмосфера мүлде бөлек. Мәселен, елордадағы екі жыл бұрын ғана есігін айқара ашқан №111 мектеп биыл жүзге жуық шәкіртін үлкен өмірге аттандырып отыр.

ДАНАРА ЖОМАРТОВА, №111 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Бүгін біз үшін жарқын күндердің бірі, себебі «Білім — Отаныма» ұранымен бүгінгі күні мектебімізді 163 түлек аяқтағалы отыр. Сонымен қатар бүгінгі күнді мектебіміздегі ең жарқын сәттердің бірі деп айтуға болады. Бүгінгі күні біздің ең үлкен мақтаныштарымыздың бірі — 8 «Алтын белгі», 7 үздік аттестат үміткерлеріміз бар.

← Барлық жаңалықтар